Украина соты: Янукович мемлекетке сатқындық жасаған

0

Украина соты елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичті «мемлекетке опасыздық жасап, басқыншылық соғыс жүргізуге жәрдем берді» деп таныды. Сот сонымен қатар оны мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға болысты деп айыптады. Сот бұл айыптарға дәлел ретінде Януковичтің Ресей билігінен Украинаға әскер кіргізуді сұраған үндеуін келтірді.

Сотқа Виктор Януковичтің өзі қатысып жатқан жоқ. Адвокатының айтуынша, Януковичке ота жасалған, қазір емделіп жатыр. Украина БАҚ-ының хабарлауынша, сот процесі кезінде Янукович 70 рет сотқа шақырту алған.

Былтыр қарашада Януковичтің адвокаттары оның жараланып, емханаға түсіп қалғанын және сотқа тіпті видео байланыс арқылы да қатыса алмайтынын хабарлаған. Киев соты ол кезде Януковичтің ауруханада жатса да соттағы соңғы сөзін айтуына рұқсат берген. Бірақ Янукович соңғы сөзін айтқан да жоқ.

Янукович өзіне қарсы істі «қолдан жасалған, саяси астары бар» деп, тағылған айыптарды жоққа шығарады. Бұл айып бойынша ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ Янукович 2014 жылы Ресей әскерилерінің көмегімен елден қашып, сонда саяси баспана алған.

Дереккөз: Азаттық