Украина Ресеймен достық келісімді үзеді
Украина Ресеймен жасасқан достық келісімнен 2019 жылдың басында шығады.
Украина президенті Петр Порошенко Жоғарғы Радаға достық қатынас келісімінен шығу туралы заң жобасын ұсынды. Ал Кремль Украинаның бұл қадамын «екі ел қатынасы үшін ғана емес, Украинаның ұлттық мүддесіне де үлкен зардабын тигізетін шешім» деп атады.
Ресей – Украина достық шартына 1997 жылы 31 мамырда қол қойылған. Шарт мерзімі 2007 жылы тағы да 10 жылға созылған. Құжатта дипломатиялық байланыс, өз аумағы үшін бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу және шекара мен аумақтық тұтастықты құрметтеуі қағидалары жазылған.
Айта кетейік, 8 қарашада Украина президенті Петр Порошенко мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен «агрессорлық мемлекет» яғни Ресей азаматтарын қылмыстық жауапқа тарту туралы заңға қол қойды. Ал былтыр Киев тарапы Ресей аннексиялаған Қырымға шекараны кесіп өтпек болған 100-ге жуық ресейлік азаматтарға қатаң тыйым салған болатын.