Украина Ресейге жаңа санкция салды

0

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 26 желтоқсан күнгі отырысында Ресей азаматтары мен заңды тұлғаларына қосымша санкция салды.

Кеңес таратқан хабарламаға қарағанда, санкция «Украинаға қарсы басқыншылықты белсенді қолдаған немесе оған болысқан ресейлік компаниялар, бизнесаендер, саясаткерлер мен депутаттар және күш құрылымдарының қызметкерлеріне» салынғаны айтылады. Жаңа тізім таяу күндері жарияланады.

Украина парламенті қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері комитетінің басшысы Сергей Пашинскийдің айтуынша, санкция 25 қарашада Қара теңізде украиналық үш әскери кемеге оқ атуға, Ресей шекарашылары ұстаған 24 теңізшіге қарсы «қолдан қылмыстық іс қозғауға» қатысы барларға салынған. Шектеу шаралары Мемлекеттік думаның «Единая Россия» партиясынан сайланған депутаттарына да көрілген.

Уақытша басып алынған аумақтар мәселесі министрлігінің мәліметінше, жаңа санкция уақытша басып алынған аумақтарда Ресейдің қорғаныс-өнеркәсібі кешенін қамтамасыз ететін 14 кәсіпорынға және Керчь бұғазында Қырым мен Тамань арасында заңсыз көпір салуға қатысқан бизнесмендерге салынды.

25 желтоқсанда Ресей премьер-министрі Дмитрий Меведев Украина азаматтары мен заңды тұлғаларына арнайы экономикалық шектеу шараларын енгізу туралы қаулы шығарған. Жаңартылған тізімде 567 жеке және 75 заңды тұлға бар.

Дереккөз: Азаттық