Украина президенті Зеленский ел парламентін таратты
Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы раданы тарату туралы жарлыққа қол қойып, кезектен тыс парламент сайлауын 21 шілдеге белгіледі. Жарлық 23 мамырда үкіметтің «Урядовый курьер» басылымына шығып, бірден күшіне енді.
20 мамырда ұлықтау рәсімінде Зеленский Жоғарғы раданың тарайтынын айтқан. Кейін ол «азаматтар қазіргі депутаттарға сенбейді» деген.
22 мамырда Жоғарғы рада депутаттары Зеленскийдің қазіргі сайлау туралы заңды өзгерту ұсынысын қабылдамады. Зеленский депутаттарды бірмандатты округтен сайлаудан бас тартып, жабық партиялық тізімді сақтауды, радаға үш пайыз дауыс жинаған партияларды өткізуді ұсынған.
21 шілдедегі парламент сайлауы ескі заңмен өтеді. Яғни, депутаттардың жартысы бір мандатты округтен, жартысы жабық партиялық тізіммен сайланады. Радаға бес пайыз дауыс жинаған партиялар өтеді.
Заң бойынша парламент сайлауы 2019 жылы 27 қазанда өтуі тиіс еді.