Украина президенті Зеленский 15 губернаторды қызметінен босатты

0

Украина президенті Владимир Зеленский 11 маусымда 15 облыстың басшысын қызметінен босатты. Бұл туралы Украина президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Руслан Рябошапка хабарлады.

«Бүгін министрлер кабинетінен облыс жетекшілерін қызметінен босату туралы құжаттың алғашқысы келді. Онда Чернигов, Хмельницкий, Херсон, Тернополь, Сумы, Полтава, Одесса, Николаев, Львов, Кировоград, Киев, Ивано-Франковск, Запорожье, Закарпатье және Волынь облыстары жетекшілерінің қызметтен босатылғаны айтылған» деді Руслан Рябошапка.

Бұған қоса Зеленский Украина қауіпсіздік қызметінің (СБУ) Одесса, Львов, Винница, Закарпатье және Чернигов облыстарындағы басқармалары жетекшілерін де қызметінен босатқан. Рябошапканың айтуынша, олар «контрабандаға қатысы бар» деген күдікке іліккен.

Осы күні Зеленский Украина парламентіне елдің ішкі және сыртқы істер министрлері мен бас прокурорын қызметінен босату туралы құжат жіберген.

Украина сыртқы істер министрлігін (СІМ) қазір Павел Климкин басқарады. Зеленский бұған дейін де оны қызметінен алып тастауға әрекет еткен, бірақ парламент құптамаған еді. Зеленский Климкиннің орнына оның бірінші орынбасары әрі Украинаның НАТО-дағы миссиясының жетекшісі Вадим Пристайконы қойғысы келеді.

Ал бас прокурорды қызметінен алу туралы президенттің ұсынысын Рябошапка «прокуратура заңы бойынша бас прокурордың заң мен құқық саласында білімі мен жеткілікті тәжірибесі болуы керек» деп түсіндірді.

Azattyq