Украина мен ресейшіл сепаратистер тұтқын алмасты

0
33

Желтоқсанның 29-ы күндіз Украина президентінің кеңсесі елдің шығысындағы Донецк және Луганск облыстарында өзін өзі жариялап алған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасы» сепаратистерінің тұтқынынан босап, елге қайтарылатын азаматтардың суреттерін жариялады. Мәлімдемеде Киев 76 азаматын қабылдап алғаны айтылған. Украина қауіпсіздік қызметі олардың аты-жөні көрсетілген толық тізімді жариялады. Тізімдегі адамдардың 12-сі – әскери, қалғаны – қарапайым азаматтар.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі хатшысының кеңесшісі Сергей Сивохо Украинаның ресейшіл сепаратистерге 127 адамды қайтарғанын мәлімдеді. Желтоқсанның 29-ы күні таңертең сепаратистік «Донецк халық республикасының» «адам құқықтары жөніндегі уәкілі» Дарья Морозова Киевке 55 адамды беріп, орнына 87 жақтасын қайтару жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Сепаратистер толық тізімді жариялаған жоқ, бірақ тұтқындардың 80 пайызы Киевтің бақылауынан шығып қалған аумақтың тұрғындары емес деп хабарлады.

Украина билігімен тұтқын алмасуға дайындалып жатқан ресейшіл сепаратистер.

Украина билігімен тұтқын алмасуға дайындалып жатқан ресейшіл сепаратистер.

Босап шыққан тұтқындардың бірі, бұрын Макеев ауданы әкімшілігінің қызметкері болып істеген Василий Савин алмасу процесі басталғанға дейін өзін тұтқында ұстағандардың көзінше мәлімдеме жасады.

«Бес жылым бес шаршы метр жерде өтті. Өзіңізді бес жыл әжетханада отырмын деп елестетіп, солай өмір сүріп көріңіз… Колонияға түскенде өзімді шипажайға жеткендей сезіндім. Бес жыл жертөледе тұрудың не екенін білесіз бе? Колонияда жағдай өзгеше, азаптау, тергеу колонияда емес, басқа жерде жасалады. Біз ұзақ уақытқа қоштаспаймыз, қайтып ораламыз. Бұл – біздің жеріміз. Бұл – туған қалам, осында туып-өстім. Донецкіде Макеев қаласының атынан өкіл болдым. Қалам үшін көп нәрсе жасадым, сол еңбегім үшін өз қаламда, өз колониямда тұтқында отырдым» деді Савин. Азаттықтың Украин қызметі оның сөзі жазылған видеоны жариялады:

Азаттық радиосының Украин қызметі сепаратистер бақылауындағы аумақтағы өмір туралы репортаж жазған журналист Станислав Асеевтің тұтқыннан босағанын хабарлады. 2017 жылы жазда Донецкіде тұтқынға түскен Асеевке тыңшылық айыбы тағылып, оны 15 жылға түрме жазасына кескен. Ол екі жарым жыл тұтқында отырды. Ресей телеарнасына арнап ол туралы қолдан құрастырылған «сұхбат» түсірген. Халықаралық журналистер, құқық қорғаушылар және жазушылар ұйымдары Асеевті босатуды талап еткен.

Осыған дейін Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова «Луганск халық республикасынан» төрт украиналық әскери тұтқын: майор Сергей Иванчук, Юрий Явтушко, сержанттар Иван Деев мен Роман Фурсов берілгенін хабарлады. Босатылғандардың арасында Донецк әуежайы маңындағы Спартак елдімекеніне жақын жерде болған шайқаста тұтқынға түскен танкист Богдан Пантюшенко да бар. Ол 2015 жылдың қаңтарынан бастап тұтқында отырды.

Киевке Украинаны жақтайтын бірнеше белсенді де қайтарылған. Олардың арасында Донецк блогері Олег Галазюк, 2018 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен Первомайск тұрғыны Олена Сорокина (ол тұтқын алмасу кезінде автобустан үстіне «Менің мемлекетім – Украина» деп қолдан жазылған жазуы бар жейде киіп түскен), «интернетте жағдайды тұрақсыздандыру үшін белсенді әрекет етіп», Украина барлау қызметі мен қауіпсіздік қызметіне жұмыс істеген деген айыппен тұтқынға түскен Луганск тұрғыны Виктория Воронина да бар.

Ресейшіл сепаратистерде тұтқында болған Виктория Воронина автобустан түсіп жатыр.

Ресейшіл сепаратистерде тұтқында болған Виктория Воронина автобустан түсіп жатыр.

Желтоқсанның 29-ы күні өткен тұтқын алмасу процесін Германия, Литва, Ресей, Словакия, АҚШ, Франция мемлекеттері қолдады.

Желтоқсанның 29-ы күні Украина президенті Владимир Зеленскиймен жеке кездесу кезінде Асеев пен Галазюкті босатуға шақырған Азаттық радиосының президенті Джейми Флай да тұтқын алмасу процесін құптады: «Стас пен Олегтің босағанына қуанып отырмыз. Оларды екі жарым жыл бойы қылмыскер болғаны үшін емес, Ресейдің өз отанын оккупациялағаны туралы шындықты айтқаны үшін сыртқы әлеммен байланыстан тыс жерде ұстады» деді ол.

Тұтқыннан босатылғандарды жеткізуге арналған бірнеше автобус "Майорское" бақылау-өткізу бекетінде тұр.

Тұтқыннан босатылғандарды жеткізуге арналған бірнеше автобус «Майорское» бақылау-өткізу бекетінде тұр.

Украина өмір бойы түрме жазасына кесілген Владимир Дворников, Виктор Тетюцкий мен Сергей Башлыковты сепаратистерге қайтарған деген болжам бар. Желтоқсанның 28-і күні Харьковтың Фрунзе аудандық соты оларды 2015 жылы осы қалада болған бейбіт шеру кезінде үш адамның өмірін қиған жарылысты ұйымдастыруға айыпты деп тапқан. Украиналық «Гордон» басылымының хабарлауынша, «шешім шығарудағы қайталанбас жағдай мен оны орындау ерекшеліктерін ескеріп», айыпталушыларды жеке міндеттемелерін алып, тұтқыннан босатқан.

Желтоқсанның 28-і күні кешке Киевтің апелляция сотының алқасы Украина Ішкі істер министрлігінің «Беркут» арнаулы тобының бұрынғы бес қызметкеріне бұған дейін тағайындалған бұлтартпау шарасын шақыру бойынша келу міндеттемесіне ауыстырды. Олег Янишевский, Павел Аброськин, Сергей Зинченко, Сергей Тамтуру мен Александр Маринченко 2014 жылы ақпанда болған Еуромайдан кезінде бейбіт халыққа қарсы оқ атты деп айыпталған. Олар осы жолғы тұтқын алмасу тізіміне кірген. Бұл туралы олардың адвокаты хабарлады.

Осының алдында Еуромайдан кезінде бейбіт халықты өлтіруге қатысы бар «Беркут» тобы қызметкерлерін босатуға қарсы наразылық білдірген белсенділер олардың Киевтегі Лукъяновск уақытша тергеу изоляторы аумағынан шығармауға тырысты.

Украиналық режиссер Олег Сенцов Facebook парақшасына сепаратистермен тұтқын алмасу процесі жайлы «Мемлекет өз батырларын қайтаруы тиіс, бірақ ол үшін батырларымыз күрескен құндылықтар тапталмауы керек. Өйткені Майданда бейбіт халықты ату ісінің тым болмаса кінәлілерді жазалау шарасымен аяқталмағанына олар алғыс айтпайды» деп жазды.

Киевтегі адвокат Валентин Рыбиннің дерегінше, Украина сепаратистерге заңсыз қарулы топ пен террористік ұйым қызметіне қатысқаны үшін айыпталып, 13 жылға бас бостандығынан айырылған Бразилия азаматы Рафаэль Лусваргиді, Донбастағы қарулы қақтығысқа қатысқан ресейліктер Руслан Гаджиев пен Олег Доронинді, Одессада 2014 жылы мамырдың 2-cі күні болған тәртіпсіздікке араласқан Сергей Долженковты, сондай-ақ мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша күдікті Дарья Мастикашеваны (ол кеңесші Борис Березовскийдің азаматтық некедегі әйелі, жақында ол туралы толық материал жарияланған) берген.

«Донбасс Реалии» сайты Украина қауіпсіздік қызметіне сілтеме жасап, Украинаның бақылауынан шығып қалған аумақтарда 250 украиналық тұтқын барын хабарлады. Олардың арасында әскери тұтқындармен қатар, қарапайым азаматтар да бар.

Тұтқын алмасу туралы келісім Франция, Ресей, Украина мен Германия басшылары арасында желтоқсанның 9-ы күні Парижде өткен саммитте жасалған. Тұтқын алмасу «бәрін барлығына» форматында өтеді деп жоспарланғагы хабарланған.

Бұл – Киев, Донецк пен Луганск арасында 2017 жылдан бері алғаш болған тұтқын алмасу процесі. 2017 жылы Украина билігі өзін-өзі жариялаған ДХР мен ЛХР-ге 273 адам беріп, сепаратистер қолындағы 73 адамды үйіне қайтарған.



Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз