Украина мен Ресей Қара теңізде болған қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуі керек
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған:«Украина мен Ресей арасындағы мәселені дипломатиялық жолмен шешу керек» деп мәлімдеді.
«Қара теңізде Ресей мен Украина қарым-қатынасы ушығып барады. Біз екі мемлекетпен де достық қарым-қатынастамыз. Сол себепті біз Қара теңізде бейбітшілік болғанын қалаймыз. Украина мен Ресей Қара теңізде болған қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуі керек» — деп мәлімдеді Режеп Тайып Ердоған «Әділет және даму» билік партиясы өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде.
Қараша айының 25-і күні Қара теңізде Ресей арнайы қызмет сарбаздары Украина әскери теңіз күштеріне тиесілі «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» атты үш кемесіне оқ атып, экипаж мүшелерін қамауға алған. Аталмыш мәселеге қатысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Бұл өте қауіпті арандатушылық. Мәселенің мән-жайын егжай-тегжейлі зерттеу керек» деп мәлімдеген. Ал Украина президенті Петр Порошенко Ресей арнайы қызметінің іс-әрекетін заңсыз деп айыптап, елде 30 күндік әскери жағдай жариялаған.