Украина елшісі: Қазақтың аналары өз ұлын бұл соғыста жерлемесін. Солай үміттенем! Сенем!

0
2944

Назарыңызға Ulysmedia.kz порталының Қазақстандағы Украина елшісі Петр Врублевскиймен өрбіткен сұхбатын ұсынамыз.

Порталымызға сұхбат беру-бермеу жағынан әу басты екі ойлы болғанымен, Петр мырза уақытын бөліп, ойын ашық айтты. Дипломатиялық лексиканы ысырып қойып, елші іштегі біраз ойын ақтарды.

— Петр мырза, уақыттың тығыздығына қарамастан біздің редакцияға сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет! Білуімізше, қазіргі уақытта тараптар келіссөз жүргізіп жатыр. Бүкіл әлем осы келіссөздерді күтіп отырғанымен, оның өтетініні немесе өтпейтініне күмән келтіретіндер көп. Осы турасында сізде қандай да бір ақпарат бар ма?

— Мендегі ақпаратқа сәйкес, украиналық делегация келісілген орынға келіп жетті. Делегация құрамында халық сайлаған депутаттар бар. Атап айтқанда, билеуші партия – Слуга народудан Давид Арахамия, одан бөлек Сыртқы істер министрі мен одан басқа да жоғары лауазымды шенеуніктер, Сыртқы істер министрінің орынбасары Николай Точицкий бар.

Қазірге дейін айтарым, біздің талаптар, өтемақы туралы талаптар ресейлік әскер Украина аумағынан кеткеннен кейін ғана қойылады.

— Ал ол әскер қайта ма?

— Бұл жағдай сол елдің басшылығының ақылына байланысты болады. Өйткені олар бүгінгі таңда күніне 1000-1500 адамынан айырылып жатыр. Біздегі мәліметке сәйкес, бүгінге дейін 5 мыңға тарта оккупанттың көзі жойылған. Әрине, оларға «соғыс» деген атауды қолданудың өзіне тыйым салынғанын білесіздер. Телевидениеде, медиада олар бұл сөзді қолданбайды. Олар қайдағы бір әскери операция деген фейк сөзді пайдаланып жүр.

— Рас, бұл соғыс…

— Иә, соғыс. Әлбетте. Өз басым фейктерге сенбеймін. Бірақ әлеуметтік желіден білуімше, мобильді крематорийлер туралы ақпарат тарап жатыр. Яғни бұл дегеніңіз соғысқа ұлы аттанған кей аналар баласының денесін де көрмейді деген сөз.

Кезінде Кеңес одағы Ауғанстанда соғыстың 8 жылында 30 мыңнан астам адамынан айырылған. Ал Украинада олар бар-жоғы 4 күннің ішінде 5 мың адамының көзі жойылды. Бұл сан өсе береді. 200 тарта танк жойылды. Ұшақтар да, тікұшақтар да атып түсірілді. Артиллериялық жүйелер құртылды.

— Келіссөз күні бүгінге дейін неліктен болмады?

— Шынтуайтында олар (Ресей тарапы – авт.) келіссөзге дайын екенін ғана сырт көзге көрсетеді. Қазір ресми ақпаратты күте тұрайық. Өйткені менің білуімше, дипломатия тыныштықты сұрап отырған секілді. Мұның бәрі әзірге құпиялау. Жуық арада келіссөз туралы ақпарат бізге де белгілі болар деген ойдамын.

— Келіссөздерде арағайын болғысы келетін жалғыз Лукашенко ма?

— Лукашенко жағдайды реттеу мәселесіне араласпайды. Ол — соғысқа қатысушы! Ол ресейлік әскер менің елімнің аумағына кіруі үшін өз аумағын пайдалану құқығын басқыншыға берді. Керек десеңіз, бұл мәселе Қазақстан үшін өте маңызды! Олар (ресейлік әскер – авт.) Чернобыль аумағынан өтіп, ауаға радиоактивті шаңды көтеріп жіберді. Сол себепті ол жақта қазіргі уақытта радиация деңгейі едәуір жоғары. Мен бұл ақпаратты дәл бүгін бізге достық ниеттегі Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне тапсырдым.

— Сіз бүгін Қазақстанның лауазымды тұлғаларымен кездестіңіз бе?

— Иә. Бүгін Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездесіп, өзімнің және өз мемлекетімнің позициясын жеткіздім. Ол кісімен ашық әңгіме болды. Менің жолдағым келген месседжді еліңіздің басшылығы естіді деген үміттемін. Өз кезегінде Қазақстанның СІМ басшылығы ол сөзімізді елдің басшысына, президентке жеткізер деген ойдамын.

— Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің позициясы қандай болып отыр?

— Сыртқы істер министрлігінің позициясы әзірге бейтарап. Десе де біз Мұхтар Тілеуберді мырзаның (Қазақстанның Сыртқы істер министрі – авт.) олар айтып жүрген «ДХР мен ЛХР-дың» (БҰҰ мойындамаған, өзін-өзі жариялаған респуликалар) тәуелсіздігін ешқашан мойындамаймыз деген сөзіне ырзамыз. Біз оккупацияланған ол аумақты Украинаның уақытша оккупацияланған аумақтары дейміз. (украин тілінде ОРДИЛО/ОРДЛО) Біз ешқашан «ДХР немесе ЛХР» деп атамаймыз. Картаға қарасаңыз, ресейлік әскер сол облыстардың ары кеткенде 30-40 пайызын оккупациялаған.

Сонымен бірге біз мемлекет басшылығы тарапынан айтылғандай, «бірде-бір қазақ сарбазы Украина жерінде болмайтыны» турасында позициясына тағы өте қатты ризашылығымызды білдіреміз.

Қазақтың аналары өз ұлдарын бұл соғыста жерлегенін қаламас едім. Мен соған үміттенемін, тіпті сенімдімін!

— Сіз қалай ойлайсыз? Путиннің түпкі мақсаты неде?

— Путиннің түпкі мақсаты – Кеңес одағын қайта құру, қалпына келтіру. Бұған дейін өздеріңіз де естігенсіздер. Саясатқа құлағын түріп жүретін адамдар бұған дейін оның «ХХ ғасырдағы ең үлкен апат – Кеңес одағының құлауы» деген сөзін естіген болар. Бұлай деген адамның миы бар ма өзі? Сөзін тыңдап көріп пе едіңіз? «Украинаны Ленин құрған» дейді. Сенің Мәскеуің батпақтап, бақаға шалынып жүрген кезде Киевте тас соборлар тұрған. Киев сол кездің өзінде Еуропаның ірі қалаларының бірі болған.

— 200 мыңға тарта адамның елден шығып кеткені турасында пікіріңіз қандай?

— Путин шынында да, Еуропаны гуманитарлық апатқа ұшыратты. Алды да өзінің бұрынғы серіктестерінің басына проблеманы үйіп-төгіп берді. Еуропа оның бұл бассыздығына шұғыл әрі өркениетті түрде жауап берді. Өз шекарасын ашты. Адамдар еркін өтіп жатыр. Шекарадан өтіп жатқан украиналықтардан Еуропа елдері ешқандай ПТР-тест сұрамайды. Керісінше, су беріп, тамақ ішкізіп, жәрдемдесіп жатыр. Сондықтан Еуропада да бірігіп кетті. Бұрын Ресей тарапы «Еуропа құжырап кетті» деуші еді ғой. Енді бүгін қараңыз: бір-ақ күннің ішінде бүкіл Еуропа елдері ресейлік ұшақтар үшін өзінің әуе кеңістінін жапты да тастады. Бір күнде ғана!

Еуропаның бүкіл мемлекеті қазір бізге қол ұшын созып жатыр. Біреу гуманитарлық көмек көрсетеді, екіншісі қару, үшіншісі оқ-дәрі беруде. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ХХІ ғасырда украиналықтар Киевті неміс патрондарымен, немістің танкке қарсы грантаметтарымен қорғап жатыр! Оның үстіне өте сәтті қорғап жатыр. Бүгінге дейін біздің әскер 200-ге тарта танкті өртеп жіберді. Әлі де жалғастырамыз.

— Путин осының бәрін көріп, біліп отырған шығар…

— Меніңше, олай емес. Ол бүгінгі таңда өмірдің шынайылығынан мүлде іргесін ажыратып алды. Ол соңғы екі жылда өзінің бункерінде. Ірімшік жеп жатыр сонда. Оған сол жерде бағыныштылары құлағына «күлгін суды құйып жатқанға ұқсайды» (өтірік айтып жатыр деген мағынада – авт.). Олар біздің ел ресейлік басқыншыларды гүлмен, бәлішпен күтіп алады деп ойласа керек. Пропагандон Маргаритасы солай деп пе еді (Симонян – авт.) Сол «бізді украиналық әжелер бәлішпен күтіп алады» деп еді. Иә, біз бәлішпен күтеміз оларды. Бірақ ол бәлішке у қосылғанын ұмытпасын! Аталарымызға дейін қолына бөтелке алып, ішіне бензин құйып, орыстың танкісіне лақтырып жатыр.

Менің өте ірі бизнестегі достарым бар. Олардың бәрі әйелі мен балаларын жертөлеге апарды да, қолына автомат алып, аумақтық қорғаныс күштеріне қосылып кетті. Өйткені жау келе жатыр! Бүкіл украиналықтар осылай соғысқа шықты.

Кеше жап-жақсы үрдісті көрдік. Владимир Александрович (Зеленский, Украина президенті – авт.) сайлауда барлық дауыстың 72 пайызын алып, жеңіске жеткен. Ал қазір украиналықтардың 100 пайызы Зеленскийді қолдап отыр. Ол шынайы ұлттық көшбасшыға айналды. Ал дәл қазір президентіміз туралы украиналықтарға жаман сөз айтып көр.

Сондықтан Еуропаға бізге көмектесіп, аспанымызда әскери ұшақтардың ұшуына тосқауыл қояр деген үміттеміз. Киевтегі Лобановский даңғылында зымыран тұрғын үйге тигенін көрдік. 18 қабат үйге зымыран тиді. Черниговтың жартысы қирады. Олар жасаған бар қылмысы үшін әлі жауап береді, төлейді.

— Логикаға салсақ, Ресейдің операциясы ұзаққа созылмауы керектігі де байқалатын секілді. Мұның бәрі қашанға дейін созылады деп ойлайсыз?

— Бұл адамның (Путиннің – авт.) басында не ойы барын біле алмаймын. Шынын айтқанда, оны адам деп айтудың өзі қиын. Алайда менің ойымша, соғыс бір күні бәрі аяқталады. Басқыншы болып келген бәрінің көзін құртамыз. Сол кезде бәрі аяқталуы мүмкін немесе олар есін жиып, біздің аумақтан әскерін алып кеткенде ғана! Өз басым ресейліктердің бәрі де Путинді қолдай қоймайтынын көрдім. Кеше ондағы қалалардың көбінде антиәскери митингтер болып өтті. Беларусьтың қалаларында да шерулер өткенін көрдік. Демек, пропогандистер не десе де, ресейліктердің бәрі Путинді қолдайды деп айта алмаймын.

— Сонда да ресейліктер неліктен өз басшысын тоқтата алмады?

— Сұрақ өте күрделі әрі қарапайым. Пропогандистер соңғы 10-15 жылда әр теледидардан өз саясатын соғумен болды. «Путин ұлы! Ресей ұлы! Бәрі бізді жаулап алғысы келеді! Украиналықтар – адамдар емес» деген сөзді халыққа сіңірді. 8 жыл бұрын олар Қырымды басып алды. Кейін екінші өңірге шабуылдады. Енді келіп, бүкіл елді басып алмақ. Қолдарынан келмейді! Керек десеңіз, әр терезеден бензин толы бөтелке лақтырылады оларға. Бары осы. Ресейлік журналистердің есіне салып қояйын, фашистік Германия кезінде басты пропогандашыны дарға асып өлтірген. Олар да Гаагадағы сотта отырады әлі. Соған сеніңіздер!

Соловьев кешеден бері «мені не үшін соттауы керек» деп сайрап шығыпты. Көп сөйлегенін, өтірік айтқанын ұмытса керек.

— Донецк пен Луганск туралы айтар болсақ, ресейлік тараптан ол жерде «8 жылдан бері геноцид жүрген» деген де сөздер айтылады. Бұған не дейсіз?

— Тыңдаңыз. Ресейлік фейктерге сенбеңіздер. 8 жылдан бері ауыр болса да, келіссөздер болды. Кешіріңіз, екі өңірімізді «мойындау» туралы клоунадан екі күн бұрын АҚШ-тағы орыс елшісі Антонов сұхбат барысында өздері айтып жүрген «ДХР мен ЛХР-ды» Украина аумағы деп атаған. Келіссөздер бәрібір жүргізіліп жатты ғой. Бір күн бұрын ғана! Енді сол құжатқа кім қойды? МММ-нің бұрынғы менеджері! МММ дегеніміз – адамдарды алдап үйренген қаржы пирамидасы. Орыс паспортымен, Единая Россия өкілі Пасечник қол қойды. Ол – сатқын, СБУ-дың бұрынғы әскери қызметкері. Ресей азаматы қазір. Яғни Ресей азаматтары Кремльге, Путинге «бізді республика деп мойындашы» деп шығады екен. Әлбетте, бәрі соған дауыс берген. Нарышкиннің өзі Путиннің алдында не деп, не қойғанын білмейді. Олардың бәрі камера алдында өз-өзіне қарсы жауап берді.

— Осы соғыстың бәрі Батыстың саяси технологтарымен жасалған деген пайым да бар…

— Ол технологтарға рептилоидтарды қосып қоюды ұмытып кеттіңіз. Сіз екеуіміз ересек әрі ақылды адам шығармыз. Батысқа оның керегі не? Бізге керегі не? Батыс елдері Қырымнан кейін қаншама санкция салса да, ақыры Ресейде футболдан әлем чемпионаты болды емес пе?! Ұшақтар ұшып, орыстар Еуропаны шарлап жүрді. Батысқа Ресейдің аумағының керегі не? Батыс Африканы жаулап алады деп ойлайсыз ба? Африканың байлығы Ресейден де көп. Оның қажеті не? Адамдардың өлгені кімге керек? Путин шынайы өмірден қол үзіп кеткен секілді. Өзін патша сезініп қалды-ау. КГБ-ның жай ғана офицері. «Сен суперсің» деп құлағына құя берген айналасындағылар. Олай емес!

— Қазақстандықтар Украина үшін гуманитарлық көмек жинап, ақпараттық қолдау білдіріп жатыр. Қазақстан қоғамы тарапынан қолдауды сезінесіздер ме?

— Әрине. Қатты ырзамыз. Бұл – фантастика. Сенбі күні маған қазақстандықтар Украинаға көмек жинай бастағаны туралы ақпарат келді. Таңертең ғана 2 млн теңге турасында әңгіме болып жатқан. Таңертең жүріп қайттым да, 15-20 минуттан кейін қарасам, сағат сайын әлгі сомаға 1 млн теңгеден қосылып, кешқұрым 10 млн теңгеден, ал бүгінге дейін 50 млн теңгеге дейін ақша жинапты. Адамдар өзіне қажетті дәрі-дәрмекті Украинаға апарыңдар деп әкеп жатыр екен. Сіздерге керегірек депті. Мен осы жақсылықты көріп, көзімнен жас шығып кетті.

Біз гуманитарлық көмек қажеттігі турасында Қазақстан билігіне өтініш жолдағанбыз. Білуімше, вице-премьердің бірі оны қарап жатқан секілді. Жақын арада оң шешім шығар деген сенімдеміз. Ресей арқылы жеткізе алмайтынымыз белгілі ғой, сондықтан көмекті жеткізудің қосымша бағыттарын қарастырамыз. Жол табамыз.

— Ақорданың, Сыртқы істер министрлігінің ресми позициясын күтіп отырған боларсыздар?

Иә. Жақын арада позиция белгілі болар деген сенімдемін. Қазақстан Украинаны агрессорға қарсы соғыста қолдар деген ойдамыз.

— Санкциялар ақыры Ресейден бөлек Қазақстанға да әсер ететіні түсінікті. Қалай ойлайсыз? Санкциялар Ресейді Украинадан кетуге мәжбүрлей ала ма?

— Санкциялар – қысым элементтері. Ресейліктерді Украинадан біздің Қарулы күштер ғана ысырып шыға алады. Украинаның кез келген сарбазын соғыстан кейін елдің кез келген жерінде тегін тамақтандырарына сенемін. Санкциялар – Ресейдегі жағдайды ушықтырады. Бұл Қазақстанның да бизнесіне өкінішке қарай шығынға батырады. Өзін патша санайтын қайдағы біреудің әрекеті салдарынан әрбір қазақстандықтың жағдайы қиындай түсуі мүмкін. Өкінішке қарай осы. Өмір солай.

— Кремльдің тапсырмасымен Киевте 4 мыңға тарта жалдамалы әскердің жүргені айтылады. Оларға президент Зеленскийді, министрлерді өлтіру, қаланы бақылауға алу міндеті тапсырылған-мыс…

— Диверсия – кез келген соғыстың элементі. Әрине, олар көрерін көреді. Бізде ұлттық полиция, арнайы қызмет, аумақтық қорғаныс мінсіз жұмыс істеп жатыр. Олар қазір украиналық әскердің формасын киіп, жасырынатын болған. Украина адамдарды сезімтал бірақ. Әр украиналық білетін сигналдарды айқындап алдық. Олар соны білмейді. Өте күлкілі жағдайлар бір жағынан. Оларды біз сондай кілт сөздердің көмегімен анықтап жатырмыз. Олардың қолынан ештеңе келмейді. Сатқындар да жоқ дей алмаймын. Кейбір қаланың мэрлері морадерлер мен диверсанттарға оқ атылатынынын ескертті.

— Келіссөздер ештеңе шеше алмаса не болады?

— Тағы да мыңдаған әскерін құртамыз да, келіссөз үстеліне ораламыз!

— Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!