Украина азаматтығын алған Саакашвили саясатқа орала ма?

0

Михаил Саакашвили Украина азаматтығын қайтарып алды. Елдің жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленский мамырдың 28-і күні бұрынғы президент Петр Порошенконың Саакашвилиді азаматтығынан айыру туралы жарлықтың күшін жойды. Украина президентінің ресми сайтында осындай ақпарат айтылады.

Зеленский жарлығы президент ретінде ант бергеннен кейін сегіз күннен соң пайда болып отыр. Алты күн бұрын Саакашвили заңгері оның азаматтығын қайтарып беру туралы өтініш тапсырған.

Саакашвилидің көмекшісі Таня Барановска Азаттыққа оның Варшавадан Киевке мамырдың 29-ы күні түсте ұшып келетінін айтты. Онда оны көп жақтастары күтіп алады.

Саакашвили әзірге белсенді түрде саясатпен айналысуды жоспарлап отырған жоқ. Грузияның жергілікті ақпарат құралдарына берген сұхбатында ол қазіргі президенттің саясатын іспен де, сөзбен де қолдайтынын жеткізген. Грузияның бұрынғы президенті Украина азаматтығын қайтарып алуды Грузия саясатына оралудың да алғашқы қадамы деп есептейтінін айтқан.

2015 жылдың желтоқсан айында Тбилиси билігі Саакашвилиді «екі азаматтығы бар» деп Грузия азаматтығынан айырған.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын алған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакашвили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін ол оппозициялық қозғалыс құруға шақырып, Порошенконы қатты сынай бастаған.

Петр Порошенко 2017 жылы шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Порошенко билігі Саакашвилиді Януковичтің «қылмыстық тобына қатысы бар» және «Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі» деп айыптаған. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды «абсурд» деп сипаттайды.

Украина азаматтығынан айырылған соң Михаил Саакашвили ресми түрде азаматтығы жоқ адам деп танылып, Нидерландта тұруға ықтияр хат алған.

Azattyq