Украин солдатының бас сүйегімен видеоға түскен Ресей жалдамалысы жөнінде Украина үндеу жасады

0

Қолына бас сүйек ұстап, оны «Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытын қорғаған украин жауынгерінің бас сүйегі» деп мәлімдеген Ресейдің жалдамалысы Игорь Мангушевтің видеосына байланысты Украина Біріккен ұлттар ұйымына үндеу жолдады деп хабарлайды Азаттық радиосы.

БАҚ ресейшіл саяси технолог және жекеменшік «Е.Н.О.Т» әскери компаниясы жетекшілерінің бірі деп санайтын Мангушевтің видеосы қай жерде, қашан түсірілгені белгісіз. Мангушев сөзінде «Ресейге қарсылардың бәрінің көзі жойылуға тиіс» деп мәлімдеген.

Украина Жоғарғы радасының адам құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Дмитрий Лубинец БҰҰ-ға қарата айтқан сөзінде «Мангушевтің видеосы Ресейдің халықаралық гуманитарлық құқықты бұзғанына тағы бір дәлел» деген.

Донбасстағы ресейшіл сепаратистер тұтқынында Украинаның «Азовсталь» зауытын қорғаған мыңнан астам жауынгер отыр. Олардың бір бөлігі «Азов» полкінде қызмет еткен. Бұл бөлімді Ресей «террор ұйым» деп санайды, сондықтан Ресей оларға террорист ретінде қарауы мүмкін.

Сепаратистік «Донбасс халық республикасы» Азов полкінің жауынгерлерін жұрт алдында трибуналмен жазаламақшы.

29 шілдеде «Азовстальді» қорғап, тұтқынға түскен жауынгердердің 50-ге жуығы Донецк облысындағы Еленовка қаласының колониясында жарылыстан өлген. Ресей қорғаныс министрлігі «тұтқындар Украина қарулы күштерінің зымыранынан өлді» деп мәлімдеген. Украина «Азовсталь» қорғаушыларын азаптап өлтірген іздерін жою үшін Ресей әскері жарып жіберген деп санайды.

Ашық мәліметтерге қарағанда, «Е.Н.О.Т.»әскери компаниясының жалдамалылары Украинаның шығысындағы ұрыс-қимылдарына, Сириядағы қантөгіске және 2014 жылы Қырымды аннексиялауға қатысқан.

2019 жылы Ресейдің тергеу комитеті «Е.Н.О.Т.-тың» 8 мүшесін қылмыстық ұйым құрған, тонаған, бопсамен шұғылданған деп айыптаған. Оның ішінде Ресейдің арнаулы қызметінің адамдары да бар. Биыл наурызда осы топ жетекшлерінің бірі Роман Теленкевичті 13 жылға сотап, бостандығынан айырған.