Үкіметтің жылжабар жиыны | «Айқын» газеті

0

Біраз өңірде үстемдік еткен үскірік аязға қарамастан, жылыту маусымы Қазақстанның барлық өңірінде тұрақты режимде жүріп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Ба­қытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің биылғы жылжабар отырысында мәлімделді.

Энергетика министрі Қанат Бозым­баевтың айтуынша, бүгінде қақаған суық кесірінен электр сымдарына алапат ауырт­палық түсуде, тұтынушылардың қуат тұ­тыну көлемі артқан. Мәселен, 24 жел­тоқ­санда ең жоғарғы электр жүктемесі 14 мың 740 мегаватқа жетіпті. Бұл – жалпы жылыту кезеңіне жоспарланған ең жоғарғы шектің 99%-ы. Осылайша, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш орын алды. Дегенмен министр төтенше жағдай орын алмағанына, халық электр және жылу энергиясымен толықтай қамтылғанына сендірді.
Ведомство басшысы электр станса­ла­рындағы жоспарланған жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын хабарлады. Елімізде 8 энергоблок, 52 қазандық пен 44 турбина, 28,3 мың шақырым электр сымдары және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 500 қазандық жөндеуден өткен.
– Электр стансаларының отын қой­ма­ларында 4 миллион тонна көмір және ­112 мың тонна мазут жинақталды, бұл бекітілген нормаға сәйкес келеді. Орта­лықтан­ды­рылған жылумен жабдықтау ай­мағындағы қазандықтарда көмір қоры
978,8 мың тоннаны, мазут 115,2 мың тоннаны құрап отыр, – деді Қ.Бозымбаев.
Ол жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін министрліктің орталық және жер­гілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстарды ары қарай жалғастыратынын айтты.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018-2019 жыл­дар аралығындағы жылыту маусымы елі­міздің барлық өңірінде тұрақты режимде өтіп жатқанын растады.
– Біздің министрлік жылыту маусы­мының барысына, жылумен жабдықтау, су­мен жабдықтау және кәріз желілерінде болған технологиялық ақаулар мен істен шығуларға мониторинг жүргізеді. Әкім­діктер және ІІМ Төтенше жағдайлар ко­митеті біздің министрлікке нысандарда болған технологиялық ақаулар туралы күнделікті негізде ақпарат беріп тұрады, – деді Ж.Қасымбек.
Оның мәліметінше, жылыту маусымы басталғалы бері коммуналдық жүйелерде 24 технологиялық бұзылулар тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе аз көрінеді: былтыр 45 бұзылу болған. Осы жылы автономды қазандықтарда – 4 (оның ішінде Ақмола және Алматы об­лыс­тарында – бір-бірден, БҚО-да – 2), жылумен жабдықтау желілерінде – 6 (Қа­рағанды облысында – 2, СҚО-да – 1, Ал­маты қаласында – 3), сумен жабдықтау және кәріз желілерінде – 14 (Ақмола об­лысында – 1, ШҚО-да – 5, БҚО-да – 3, Қос­танай облысында – 1, Алматы қала­сында – 3, Астана қаласы – 1) ақау табылды. Министр әкімдіктердің ол олқылықтарды қысқа мерзімде қалпына келтіргенін қосты.
Салыстыру үшін келтірсек, осының алдындағы жылыту маусымында әр өңірде ауа райының күрт сууына шыдамай және басқа да жағдайлар ықпалымен жылумен жабдықтау жүйелері қыс үстінде 11 рет, ал сумен жабдықтау және су бұру жүйелері 34 рет жарылыпты.
– Авариялық жағдайлар көп тіркелген өңірлер мыналар: Алматы қаласы – 6 (жы­лумен жабдықтау желісінде – 3, сумен жаб­дықтау және су бұру желісінде – 3), БҚО – 5 (тиісінше 3 және 2); ШҚО – 5 (барлығы сумен жабдықтау және кәріз желісінде). Талдау көрсеткендей, технологиялық ақау­лардың көбі сумен жабдықтау және су тарту желілерінде тіркелген. Олардың саны – 14, – деді Жеңіс Қасымбек.
Оның дерегінше, Қазақстанда 10 мың 558 автономды қазандық бар. Еліміздегі жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 13 мың 60 шақырымды, олардың орташа тозуы 61%-ды құрайды. Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 77 мың 954 шақы­рым, бұлардың орташа тозу деңгейі – 48%. Ал кәріз желілерінің ұзындығы 15 мың 626 шақырым ғана, орташа есеппен 61%-ға тозығы жеткен.
Белгілі болғанындай, биыл да бірқатар шенділер жаңажылдық мерекені жұмыста қарсы алатын түрі бар.
– Өңірлердегі әкімдіктер халықтың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ету жүйе­лерінің үздіксіз жұмыс істеуіне бақылауды күшейтулері керек. Сондай-ақ, техноло­гиялық ақауларды жылдам жойып, жүйенің жұмысын тез қалпына келтірулері тиіс. Бұдан бөлек, жылыту маусымына жауапты адамдардың кезекшілігін мереке күндері де ұйымдастыру қажет деп санаймыз, – деп, Инвестициялар және даму министрі Үкіметке ұсыныспен шықты.
Министр Ж.Қасымбек 2018 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша тұтынушылардың коммуналды қызметтер үшін 12 миллиард 995 млн теңге берешегі барлығын жария етті. Ең көп берешек үш ме­­гаполиске – Шымкент (2 миллиард 618 млн теңге), Астана (2 млрд 455 млн теңге), Алматы (1 миллиард 718 млн теңге) қала­ларына тиесілі. Одан кейін Маңғыстау (1 миллиард 581 млн теңге), Қарағанды (852 млн теңге) облыстары тұр. Әкімдіктерге бұл берешекті азайту үшін шара қабылдау жүктелді.
Соңғы деректер бойынша, биылғы жыл басынан 20 желтоқсанға дейінгі аралықта еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5 пайызға немесе 5 млн тоннаға көп. Олардан энергия өндіруші кәсіпорындарға 56,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің (54,4 млн тонна) 103,8 пайызына тең.
Коммуналдық-тұрмыстық қажетті­лік­терге және халыққа далада сатуға 12,4 млн тонна көмір босатылды. Бұл да өткен жылдағыдан (12 млн тонна) 103,3 пайызға жоғары.
– Әкімдіктер мен көмір сатушылар ара­сында жасалған меморандумдар арқасында соңғы 1 айда еліміздің барлық өңірінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы ор­та­ша есеппен 15-20 пайызға арзандады.
2018-2019 жылдардағы жылыту маусы­мының барысы министрліктің тұрақты бақыла­уында, – деді Жеңіс Қасымбек.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, меморандумдарды іске асыру аясында Шұбаркөл көмірі орташа алғанда 15-20%-ға, Қаражыра көмірі 6%-ға арзандатылған. Мәселен, Алматы облы­сында теміржол тұйықтарында Шұбаркөл көмірінің бағасы 3 100 теңгеге немесе
21%-ға, ал Қаражыра көмірі 1 000 теңгеге немесе 5-6%-ға төмендетілген. Қостанай облы­сын­да Шұбаркөл көмірінің бағасы 2 950 тең­геге немесе 20%-ға, Қаражыра көмірі 800 тең­геге немесе 5%-ға арзан­да­тыл­ған. Астана қаласында Шұбаркөл кө­мірінің баға­сы 3 000 теңгеге немесе 16%-ға, ал Қаражыра көмірі 800 теңгеге немесе 5%-ға кеміді.
Талқылауды түйіндеген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тап­сырмалар берді. Премьер-министр биылғы жылу беру маусымы елеулі технологиялық ақаусыз, қалыпты өтіп жатқанына тоқталды. Дегенмен, бұл мәселе барлық өңірлер әкімдерінің ары қарай да жіті бақылауында болуға тиістігін нықтады.
Бұдан өзге, Үкімет жетекшісі кейбір өңірлерде алда тағы қатты аяз болжанып отырғанына назар аудартты. Ол мерекелік күндерді ескеріп, жергілікті атқарушы органдарға жылумен, энергиямен жаб­дықтау ұйымдарын қажетті көлемде отын­мен, керекті материалдармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабыл­дауды, қосымша техникалық ресурстар тартуды, тиісті ұйымдар мен бригадалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастыруды тапсырды.
Жылжабар жиында ел Үкіметі алдағы жаңажылдық мерекеге орай республика бойынша баға қымбатшылығының белең алуын болдырмау жайына мән берді.
Еліміздің бас экономисінің есептеуінше, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарла­рының (ӘМАТ) бағалары өткен аптадан бері 0,3%-ға көтерілген.
– 21 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық өңірлерде тауарлардың екі түрі – қырыққабат және қанттың 15%-дан астамға жоғарылауы байқалды. Мәселен, қант қым­баттауы 10 өңірде, қырыққабат бойынша 11 өңірде тіркелді. Қант қымбатшылығының объективті себептері бар, оның бағасы әлем­дік қант нарығындағы үрдістердің әсерінен өсуде. Қырыққабат бойынша жағ­дай өзгеше: әкімдіктердің айтып отырған себептері – негізінен әкімдіктер деңгейінде шешілетін проблемалар, сондықтан жұ­мыстар ары қарай жалғастырылады, – деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Ол жергілікті биліктің жайбасарлығына алаңдаушылық білдірді: жыл аяқталуға таяу, бірақ әкімдіктер келесі жылға арналған ӘМАТ бойынша болжамдық мәндерді белгілемеген.
– Бұл шекті мәндерді дер уақытында белгілеу – келесі жыл мониторинг жүргізу және қажетті шараларды тиімді түрде қа­былдау үшін қажет. Алайда бірде-бір әкімдік шекті мәндерді бекіткен жоқ. Бұл 2019 жыл­­дың бірінші тоқсанында ӘМАТ баға­ларының өсуіне уақытылы ден қоюға кері әсерін тигізуі мүмкін, – деді Т.Сүлейменов.
Жылда желтоқсан айында дәстүрлі түрде бағалардың өсу үрдісін, сондай-ақ әлеу­меттік сипаттағы басқа да тауарлардың қымбаттауы қаупін ескере отырып, Үкімет әкімдерге жергілікті комиссиялар жұмысын ұтымды ұйымдастыруды, оларда қабыл­данатын шешімдердің орындалуын ерекше бақылауға алуды, биылғы жыл соңына дейін 2019 жылға арналған шекті мәндерді бекітуді, саудагерлер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жүктеді.
Үкімет мүшелері Елбасының биылғы ­7 қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесі оты­рысында берген тарифтер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды төмендету туралы тапсырмаларын орындау бойынша қабылданған шараларды пысықтады. Үкімет басшысы осы бағытта жұмысты жалғастыру үшін бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бақытжан Сағынтаев Президент тап­сырмаларының орындалуының нәти­желерін «барлық қазақстандықтар сезінуі» керегін қадап айтты. Ол өңір әкімдеріне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, келесі жылдың 1 қаңтарына дейін ПИК қызметтерінің тарифтерін төмендету және әкімдіктің қарауындағы басқа да коммуналдық қызметтер бойынша тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды. Жаңа жылдан, яғни 1 қаңтардан бастап барлық монополистер төмендетілген жаңа тариф­терді ұстануға міндеттеледі.
Бұдан өзге, бірқатар азық-түлік өнімдері бағаларының өсуіне еш негіз жоқтығы аталып өтті. Осыған орай, Ұлттық эко­но­мика министрлігіне азық-түлік өнімдеріне, со­ның ішінде көкөніс өнімдеріне баға тұрақ­тылығын қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстау жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Дереккөз: Айқын