Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер қалай шешіледі?

0

Қағазсыз форматқа көшірілуде

Елбасы төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев цифрландыруға қатысты денсаулық сақтау саласында біршама жетістік бар екенін атап өткен болатын. Осының нәтижесінде елімізде қазіргі таңда кезек күту азайған.   

Министрлік Мемлекет бас­шы­сының 2018 жылғы 5 қа­зан­дағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бар­лық медициналық ұйымдардың жұмысты қағазсыз жүргізу форматына толықтай көшуін, атап айтқанда бастапқы медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшуін қамтамасыз етуде.

Медицинаны электронды форматқа көшіру кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылуда. Қанат­қақты жобаның I кезеңінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­­­тап Ақмола, Қостанай және Ба­тыс Қазақстан облыстарының ден­­сау­­лық сақтау ұйымдары элект­ронды форматқа көшті. II кезең бойынша 1 сәуірден бастап Оң­түс­тік Қазақстан, Маңғыс­тау, Пав­лодар және Алматы об­лыс­­тарының денсаулық сақ­тау ұйымдары, ал III кезеңде 1 шіл­деден бастап Астана, Алматы қала­лары және Ақтөбе, Атырау, Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл, Қызыл­орда, Солтүстік Қазақстан об­лыс­тары сияқты қалған 8 өңір ме­ди­циналық құжаттаманы элек­трон­ды форматта жүргізе бастады. 

Жобаның I, II және III кезең­дерінің шеңберінде шамамен 700 дербес денсаулық сақтау ұйы­мы іске қосылды. 2018 жыл­дың қорытындысы бойынша емдеу-профилактикалық қызмет көрсететін барлық 697 дербес ұйымда 32 отандық және шетел әзірлеушілерімен ұсынылған меди­циналық ақпараттық жүйе­нің 38 түрі толық енгізілді. 5 420 дербес емес медициналық ұйым­да 3 149 медициналық ақпарат­тық жүйе жұмыс істейді.

Олжас ӘБІШЕВ,

Денсаулық сақтау вице-министрі

4 599 өтініш қаралды

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамыту, бизнес жүргізуге қолайлы ахуал тудыру мәселесіне кеңінен тоқталды. Бұл орайда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау ісінде біршама жұмыстар атқарылуда.

 

Бизнесті қорғау ісіне қатыс­ты 2018 жылы бізге отан­дық кәсіп­керлерден 4 599 өтініш түсті. Олардың арасында кәсібін жаңа­дан бастаған жастар да аз емес. Өтініштердің 43%-ы оң ше­ш­і­мін тапқанын да атап өткен жөн. 

Кәсіпкерлікті дамыту және заңнаманы ізгілендіру жөніндегі Елбасы жүргізіп отырған сая­сат тиімділігін көрсетті деуге толық негіз бар. Құқықтық қор­ғау жүйесіне келіп түсетін өті­ніш­тердің азаюы да осыны көрсетеді.  2017 жылы өтініш­тер саны алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 28%-ға азайса, 2018 жылы тағы 11%-ға азайды.

2019 жылы Бизнес-омбудс­­мен жұмысының басым бағытт­арына әкімшілік кедер­гі­лерді жою, сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерін барынша азайту, заңнаманы одан әрі ізгілендіру, кәсіпкерлердің құ­қық­тары мен заңды мүд­де­лерін қорғауды күшейту мәсе­лелері енгізілді. Жалпы, кәсіп­кер­лердің белсенділігі жо­ға­ры деуге болады. Олар өз­дері­нің заңды құқықтарын жақсы біледі, оны қорғауға қашан­да әзір. Біз жыл сайын кәсіп­кер­лік субъектілерімен, облыс әкім­дерімен және прокурорларымен жұмыс кездесулерін, көшпелі кездесулер өткіземіз. 

Бүгінгі таңда Әділет министр­лігімен өзара белсенді іс-қимыл барысында әкімшілік-деликтілік заңнаманы ізгілендіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Парла­мент Мәжілісінде қаралып жатқан заң жобасы аясында құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алу инс­ти­­тутын одан әрі кеңейту, 44 бап бойынша айыппұлдарды тө­­мен­­дету, 10 бап бойынша жаза­­ны репрессивті емес түр­ге ауыс­тыру, азаматтық-құқық­тық немесе тәртіптік жауапкер­шілік көз­делуі тиіс құқық бұзушы­лық­тардың 32 құрамын алып тастау ұсынылды.

Ұлттық экономика ми­нистр­лігімен бірлесе отырып, бақылау-қадағалау функция­лары­на ауқымды тексеру жүр­гізілді. Соның нәтижесінде кей­бір нысандарды іріктеп тек­­серу тоқтатылды,  тексеру мерзім­дері қысқартылды.

Былтыр Қазақстан мен Өзбек­стан бизнес-омбудсмен­дерінің форумы өтіп, алқалы жиын аясында Өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Екі ел кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен ақпарат алмасудағы ынтымақтастықты көздеп отыр. Сонымен қатар мем­лекеттің ұлттық заңдарын дұ­рыс қолдану бойынша кон­сул­ьтациялық-құқықтық көмек көр­сету, ғылыми-тәжіри­белік конференцияларға, семинар­ларға және басқа да іс-шараларға қаты­су қарастырылған. Ресей­мен арада да осындай келісім жасал­ғанын айта кету керек. 

Біз үшін басты міндеттердің бірі – өзге елде жүріп басына іс түс­кен кәсіпкерлерімізге көмек­те­су, оларды жалғыз қалдыр­мау. Бұл елімізде кәсіпкерлердің кө­бе­юіне, олардың еркін жұмыс іс­теуіне, алыс-жақын шетелдермен батыл кәсіпкерлік байланыс орнатуына жағдай туғызатыны сөзсіз.

Болат ПАЛЫМБЕТОВ,

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл

Төлемдерді есептеудің тетіктері өзгертіледі

Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы Мемлекет басшысы еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшерін 30%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды. 

 

Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Үкімет ағым­дағы жылдың наурыз айында Парламенттің қарауына енгізе­тін «Міндетті әлеуметтік сақтан­дыру туралы» Заңның жаңа редак­циядағы жобасын әзірледі. 

Заң жобасында әлеуметтік төлем­дерді есептеудің тетіктерін өзгер­ту көзделген. Оның ішінде бүгінде қолданылатын орта­шаланған дәреженің орнына еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарға төлем есептегенде еңбек ету қабілетінен айырылудың жеке дәрежесін қолдану, асыраушысынан айырылған адамдарға төлем тағайындау үшін асырауындағылар санының коэффициентін арттыру, сондай-ақ жұмысынан айырылған адам­дарға табысты алмастыру деңгейін арттыру тетіктерін жетілдіру жайы қарастырылған. 

Заң жобасын жүзеге асыру әлеуметтік қатер туындаған жағ­дайда жұмыс істейтін азамат­тар­дың әлеуметтік қорғалуын қам­тамасыз етуге бағытталып отыр. 

Алмас ҚҰРМАНОВ,

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті

Экспортты еселеуді ескерген жөн

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының негізгі тетігі саналатын маңызды салалардың қарқыны мен дамуы, кем-кетік тұстары кеңінен сөз болды. Оның ішінде ауыл шаруашылығының әлеуеті, ет өнімдерінің нарықтағы үлесіне қатысты маңызды мәселелер айтылды. 

Соңғы үш жылда алғаш рет осы саладағы импорт өсімі ай­тарлықтай артып отыр. Отан­дық құс етін өндірушілер елдегі жалпы сұраныстың 60 пайызын қамтамасыз етуде. Бұған қоса, шұжық өнім­дері им­портының үлесі де жо­ға­рылап келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, 20 мың тонна ірі қара малдың 70 па­йызы тірі күйінде экспорт­талады. Қазақстанның ДСҰ шеңберінде алған мін­деттемелеріне байланысты құс етінің импорты ұлғай­ғанын да айта кету керек. Елі­міздегі халық санының өсуі де тиісінше ет өнімдерін тұтыну көлемінің едәуір артуына ықпал етті. 

Көптеген отандық шаруа­­шылық «мәрмәр ет» сияқ­ты жоғарғы санаттағы өнім өндіру­ге бағытталса, им­порттың елеу­лі үлесін сүйек­сіз кесек еттер, мысалы, шұ­жық пен басқа да ет өнім­дері құрайды. 

Жалпы, мал шаруа­шы­лығын дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала қазақтың ықы­лым заманнан қанына сіңген, жан-жақты меңгер­ген саласы. Біздің ел – мал шаруашылығын меңгерген ірі мемлекеттердің бірі.  Өзге елдердегі  өнімдермен са­лыс­тырғанда отандық өнім экологиялық таза екенін жақ­сы білеміз. 

Бүгінде шетелдік тұтыну­шылар қазақтың қойы мен жыл­қысының дәміне тең келетін өнімнің жоқ екенін жиі айтады. Осыдан-ақ сапалы еттің көлемін арттырып, сұранысты еселеудің түрлі тетіктерін мең­геру керектігін аңғаруға болады. 

Ол үшін мемлекет тара­пынан мал шаруашылы­ғын жандандыруға, өрісін ке­ңейтуге мүмкіндік беріліп отыр. 

Көнеден келе жатқан ата кәсіптің тұтас бір мемлекеттің эконо­микалық ахуалын дамы­туға әлеуеті толық жеткілікті. Мұны Елбасы талай рет шегелеп айтқан-ды. Бұл жолы да саланың тынысын ашуға мемлекет қазынасынан қаражат қарастыруды тапсырды. Осы бағытта жұмыстар жоспарлы түрде ұйымдастырылып, тиімді жүзеге асса, ұтарымыз анық. 

Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ, 

Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы

Ойлау жүйемізді жаңғырту талап етіледі

Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің экономикалық әлеуеті жоғары. Ел тәуелсіздігі жылдарындағы жетістіктерімізді жоққа шығара алмаймыз. Алайда, әлемдік кеңістіктегі өзгермелі үдерістерге зер салатын болсақ, Қазақстан бүгінгі жеткен жетістігімен тоқтап қалмауы қажет.

«Өткен жылдан бастап мем­лекеттік-әлеуметтік саясат жүйелі түрде қайта қарастырылды. Бес әлеуметтік бастама, жуырдағы Жолдау және жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары аясында барша қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруды қамтама­сыз ету үшін көп қаржы бөлінуде. Бүгінде көптеген елдің мұндай әлеуметтік шығындарға шамасы келмейді», деп атап өтті Елбасы Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында. Бұл бағдарлама елдің әл-ауқатын көтеруге бағыт­талғандығының жарқын көрінісі. Бірақ жаңа технологиялар заманы жер бетіндегі қандай да болмасын мемлекеттен бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Қарап отырсақ, Америка, Қытай сияқты алпауыт елдердің өзі экономикасына алаңдаушылық білдіре бастады. Әлем елдерімен көпвекторлы саясат ұстанған Қазақстан үшін шикізат өндіруші ел болып қалу тиімсіздігін көрсетті. 

Осы тұрғыдан алғанда, бизнес­ті дұрыс ұйымдастыра білу, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдірудегі қадамдар үздіксіз жетіл­діріліп, кәсіби тұрғыдан то­­лық­тырылуы тиіс. Мысалы, жұ­мыс­сыздық факторларын алайық. Елімізде білім беру ұйымдарының жұмысы дұрыс жолға қойылған, одан қалса кәсіби біліктілігін арттыру мүмкіндіктері молынан қарастырылған. Солай бола тұра жұмыссыздық белең алуда. Бұл жергілікті атқару органдары жұмысының тиімсізді­гін көрсетеді. Мысалы, солтүс­тік өңірлерде жұмысшы тапшы дейміз. Өңірлерді дамыту, сондай-ақ жас мамандарды ауылға тарту бағдарламасын неге тиімді жүзеге асырмасқа?.. Тұрғын үйлерді көптеп салып тастадық, ал он­да тұратын адам жоқ. Екі-үш ауысым­да оқитын өңірлерде мектеп жоқ, керісінше бала саны аз аумақтарда мектептер ретсіз салын­ған. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен дейміз. Неге ретсіз, жүйесіз несиелер беріледі? Тамақ өндірісінің ІЖӨ-ге шаққандағы үлесі жоғары да, жеңіл өнеркәсіптің үлесі өте төмен. Неге? Елбасы атап өткендей, сүтті де, етті де, тіптен көкөністі де шетелден тасы­­­мал­даймыз. Ал бізде оған мүм­кіншілік жоқ па?.. Бұл тиімді экономикалық басқару жүйесінің жеткіліксіздігін көрсетеді. 

Мемлекет басшысының Үкі­мет­ке, Ұлттық банкке батыра айт­­қан сыны орынды. Әрбір тиіс­­ті орган өз жұмысын дұрыс игер­­сін, ұйымдастырсын деген та­лап қойылып отыр. Жергілікті әкім­­­діктер аймақтардағы жұ­мыс­­тың тиімділігін арттыруы тиіс. Салық түсімі жағынан Ал­­ма­ты сияқты өңірлердің де са­ны артуы қажет деп білемін. Өңір­­дің ерекшеліктеріне қарай қан­­дай кә­сіпорындар, қандай ша­ғын кәсіп­керлік нысандарын ашу керек, соның тетіктерін қарас­тыр­сын. Өтеуі жоқ, даңғаза тір­лік­терге бе­рі­летін несиелерге тоқ­тау бол­сын. Қарап отырсақ, күнде­лік­ті тұр­мысқа қажетті шеге, бал­ға, бал­та сияқты бұйымдарды шетел­дер­ден сатып алудың еш қисыны жоқ.

Осы орайда Елбасы отандық өнімді дамытуға, өз өнімдерімізге ынсаппен қарауға үндеп отыр. 

Бүгінгі үздіксіз өзгермелі уақыт қоғамнан ойлау жүйесін өзгер­туді талап етіп отыр. Бір ғана Беларусь елін алатын бол­сақ, жаңа технологиялар са­ла­сын­да жастардың идеясын пай­далана отырып, жылына 1 млрд доллардың өнімін өндіру­де. Осы орайда жастардың әлеуе­тін пай­даланудың маңызы зор. Қо­ғам­ның, тіптен бір ғана отбасы­ның бюджеті, алдағы даму жос­пары дұрыс жасалуы шарт. Елдің дамуы Үкімет жұмысының тиім­ділігі мен әрібір қоғам мүшесінің әлеуетімен тікелей байланысты. 

Рахман АЛШАНОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

Автонесиелеуге қатысты ұсыныс құптарлық

Үкімет отырысын ашқан Президент Н.Назарбаевтың алғы сөзінен-ақ жиынның өткен жылғы наурыз айында жарияланған 5 әлеуметтік бастамаға арналғаны айқын көрінді.

Енді аралық қорытындыларды шығарудың уақыты келді. Мем­лекет басшысының бастама­лары бойынша аралық индика­тор­лардың кестесі бастапқыда берілмегендіктен, жұмыстың қаншалықты тиімді жүріп жат­қанын айту қиын. Мысалы, «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоспары бойынша 2017 жылы жарияланған «Бастау Бизнес» жобасы алғашқы екі жылда (2017-2018) 33 мың жаңа кәсіпкерді қолдауы тиіс болды; Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың баяндамасына сәйкес, екі жыл ішінде 43 мың адам оқытылды, яғни жоспар артығымен орындалды.  

Ал осыдан 5 жыл бұрын индустрияландыру, содан кейін дағдарысқа қарсы күрес басты назарда болды. 

Жаңа бастамалардың ішін­дегі ең елең еткізетіні – Ұлт­тық банк бастамашылық еткен секью­ритилендіру тетігін қол­дана отырып, автонесиелеу бағдарламасын іске қосуы. Шамасы, бақылаушы «7-20-25» бағдарламасын іске асырудың тиімділігін жоғары бағалады, сондықтан бұл секьюритилендіру тетігіне қайта жүгінуді жөн көрді. Бұл бағыт Үкімет пен Ұлттық банк­ке бір оқпен екі қояннан да көп атып алуға мүмкіндік береді. 

Сергей ДОМНИН,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы

Әлеуметке – әрдайым басымдық

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салаға әрдайым басымдылық беріп келеді. Соның бір айғағы – 5 әлеуметтік бастамасын қолға алуы. Оған қоса, биыл – Жастар жылы. Әрине, бізде жастар саясатын жүзеге асыратын нақты нормативтік құжаттар бар, бірақ барлық салада олардың өмірін жақсартуды көздейтін жүйелі жобаларды бір жылда қолға алу мүмкіндігі бұрын болмаған. 

Осы Үкімет отырысында да Елбасы белсенді жастарды тарту керектігін айтты. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысының басты аудиториясы да – жастар. Біз 2050 жылы ең дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырмыз. Ал сол күнге жеткенде Қазақстанды одан әрі ілгерілететін – бүгінгі буын, жас ұрпақ. Сондық­тан аталған бағыттағы әлеуметтік жобаларды жүргізу жолында Үкіметпен тығыз жұмыс істейміз. 

Экономиканың дамуына көз жүгіртсек, Қазақстан қазіргі таңда орталық Азия елдері немесе ТМД мемлекеттері арасында локомотив ел ретінде қалыптасты. Дегенмен Өзбекстан, Қырғызстан сынды көршілес мемлекеттер де қарқынды дамып келеді. Сондықтан жыл сайын экономикамыздың 4-5 пайыз өсуіне қуанып, арқаны кеңге салмай, Президент айтқандай, даму қарқынын одан әрі күшейте беруіміз керек. «Мұнай, газ секілді табиғи ресурстар болашақта бітеді, сонда Қазақстан экономикасын қалай қалыптастырамыз?» деген салмақты сауалды да Мемлекет басшысы соңғы жылдары жиі қойып жүр. Азық-түлік, киім, машина, технология өнімдерін өзімізден шығаруды жолға қоюды тапсыруының бір себебі де осын­да. 

Тағы бір айта кететіні, жанымызда екі алпауыт көрші ел бар. Және экономистердің бол­жа­мы бойынша, Үндістан адам саны мен экономикалық дамуы жағы­­нан алғашқы үштікке кіреді екен. Астанадан Делиге тікелей ұшақ қатынайды, осыған орай, Үнді­станды көрші мемлекет деп санау­ға болады. Экономист әрі  осы са­ланың шолушысы ретінде субъек­тивті пікірім: біз тұрған жері­міз­ді пай­даланып, сервистік эконо­мика­ны дамытуымыз қажет. Эко­номи­касы жағынан алда келе жатқан ел­дер­дің қатарына қосылуға тым ерте екенін түсінеміз әрине, алайда солардың мүмкіндіктерін пайда­ланып, оларға жоғары сапалы сер­вис ұсынатын мемлекет болып қалып­таса алсақ, ел экономикасы мен әлеуетін дамытуға зор септігін тигізеді.  

Мұхтар МӘНКЕЕВ, 

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы

Дереккөз: http://egemen.kz/