Үкіметтің экономикаға қатысуын азайту керек
2018 жылғы 14 қараша 12:05 124
АСТАНА. ҚазАқпарат — «Қазатомөнеркәсіп» акциялары «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасында сатылымға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан бүгінде тағы да бір кең ауқымды жекешелендіру жүргізуге шешім қабылдады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1995-1999 жылдары біз барынша жылдам жекешелендіру өткіздік. Дәл соның арқасында толықтай тұралап қалған экономикамызды жылжытып, дағдарыстан шыға бастадық. Содан бері көп уақыт өтті. Ендігі біздің мақсатымыз — Үкіметтің экономикаға қатысуын азайту және Үкіметтің экономиканың 15 пайыздан аспайтын бөлігін ғана басқаруына жол беру. Сондықтан жекешелендірудің үлкен екінші кезеңін бастадық. Оның тармақтарының бірін орындауға бүгін кірісеміз. Қазақстан әлемде мұнай өндіру бойынша бірінші орынға ие. Әлемдік уран нарығының 20 пайызы да Қазақстан үлесінде. Сондықтан әлемде бұл компанияның акциясына қызығушылық зор және тек өсе беретін болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО Биржасының алғашқы сауда-саттығын іске қосу шарасында.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта АХҚО Биржасына «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» сынды ұлттық компаниялардың акциялары шығарылатындығын айтты.
«АХҚО шетел капиталын тартудың катализаторына айналуы және қор нарығын дамудың жаңа деңгейіне шығаруы тиіс. Бұл жерде әлемдік үздік тәжірибе пайдаланылып, жетекші серіктестер мен сарапшылар тартылған. Қатысушылар үшін өте қолайды шарттар жасалған. Қазақстандық авиация әлемнің өзге де қаржы орталықтарына жаңа әуе жолдарын төсейтін болады», — деді Елбасы.
Айта кетейік, бүгін АХҚО Биржасында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының жай акцияларын шартсыз сату, сонымен қатар жаһандық депозитарлық қолхаттарын шартты сату басталды. Ал компанияның жаһандық депозитарлық қолхаттарын шартсыз сату болжамға сәйкес осы жылдың 19 қарашасында басталады.
Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Биржасының алғашқы сауда-саттығын іске қосқанын хабарлаған едік.