Үкіметтің баспасөз қызметі журналист Жания Ұранқаеваға «Үкімет Үйіне» кіруге рұқсат берді
Бүгін Халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры «Әділ сөздің» қолдауымен Қазақстан Республикасы Үкіметі ғимаратына журналист Жания Ұранқаеваның кіру мәселесін реттеу бойынша келісімге қол жеткізілді.
Қордың Үкімет Аппаратына жолдаған өтініші негізінде, Үкіметтің баспасөз қызметі журналисттің ғимаратқа кіруіне қойылған шектеуді 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін қайта қарауға келісті. Жания Ұранқаева өзінің кәсіби міндеттерін толық көлемде атқаруға қайта орала алады, бұл ретте Үкімет ғимаратына кіру және ішкі тәртіп ережелерін, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің ғимараттағы қызметін реттейтін басқа да құжаттарды сақтауы тиіс. 2024 жылдың тамызында күшіне енген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның ережелері журналистерге маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға кіру кезінде рұқсаттық және ішкі нысандық режимнің талаптарын орындауды міндеттейді.
«Әділ сөз» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратына, әсіресе Үкіметтің баспасөз қызметіне, олардың ашықтық, әділдік және заңдылық принциптеріне адалдық танытқаны үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Біз журналист мамандығының қоғамдық маңызы бар ақпаратты жеткізудегі рөлін мойындай отырып, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Бұл келісім мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы конструктивті диалогтың жарқын үлгісі болып табылады және қазақстандық қоғам мүддесін көздейтін басқа да мәселелерді шешуде мұндай диалогтың шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді.