«Үкіметтегілердің жалақысын 70 мың қылайық, күн көре ала ма көреміз»: Ысқақова көпбалылар туралы
Жеңіс Ысқақова қос ұлдың анасы. Сондықтан да, әнші баласының тоқтығы мен киімін ойлаған аналарды жақсы түсінетінін және қолдайтынын Stan.kz тілшісіне айтты.
Өнерде де, өмірде де қарапайымдылығын сақтай білген Жеңіс әнші саясатқа білек түріп араласудан аулақ. Алайда, қоғамдағы кез келген мәселеге бей-жай қарамайды екен.
«Менің миыма әлі күнге дейін көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақының талаптары симай жүр. Жақында естіп шошыдым. 21 000 теңгені алу үшін әке-шешесі мүлдем жұмыс істемеу керек. Сонда төрт бала мен екі ересек адамды асырау үшін үкімет беретін әрі кетсе 80-90 мың теңге жетеді деп ойлай ма?
Үкімет барлық көпбалалы отбасыға толық қолдау көрсетіп, бөліп-жармай жәрдемақы төлеуі керек. Себебі, олар ең бірінші кезекте еліміздің демографиясын көтеріп отыр», — дейді Ысқақова ханым.
Тағы бір себеп нарықтағы қымбатшылық екенін әнші басып айтты.
«Мен өзім дүкенге барып бір аптаға тамақ аламын. Алатыным — жұмыртқа, ұн, ірімшік, қаймақ деген сияқты күнделікті тағамдар. Асып тасып қара икра, қызыл балық деген қымбат тағамдарды алмаймын. Соның өзіне мен 20-30 мың теңге төлеймін. Сонда көпбалалы отбасының балалары тамақ жемеуі керек пе, киім кимеуі керек пе? Біздің қоғамда ата-ананың айлығын біріктірсе де, шалқып өмір сүру қиындау. Өйткені, айлық көтеріліп немесе зейнетақы көлемі жоғарыласа, тамақ та, жанармай да, жүру ақысы да қымбаттап кетеді», деп ренішін жеткізді әнші.
Мұндай экономикалық өзгерістің күнкөрісі қиын отбасыларға ғана емес, әншілерге де әсер ететінін рас. Сондықтан, әнші билік басындағыларға өзінің сәлемін жолдады.
« Мен бір-ақ нәрсемен түйіндегім келеді. Үкімет басындағы заң шығарғыш билік өкілдерінің айлығын да, көпбалалы отбасына кіретін табыстың да көлемін 70 мың теңге етіп қояйықшы. Сол кезде үкіметтегілер осы ақшаға өмір сүре алса үндемейміз. Бірақ, олар бала-шағасыз, жеке бастарын сол ақшамен асырап көрсінші. Басымды кесіп алса да айтарым осы», — деді осы.
stan.kz