Үкіметте жекешелендірудің кешенді жоспарын орындау барысы қаралды

0

Қаржы министрі Ә. Смайылов Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуының ағымдағы нәтижелері және оны аяқтау бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады. Қазіргі уақытта Жекешелендірудің кешенді жоспары нысандарының саны 922-ні құрайды, олардың 48-і 2018 жылғы 9 қарашада қосымша енгізілген.

«2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 532 нысан сауда-саттыққа шығарылып, олардың 465-і 296 млрд теңгеге сатылды. 96 нысан сату алдындағы дайындық кезеңінде. 287 нысан қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілген, олардың 160-ы қайта құрылды және таратылды», — деді Ә. Смайылов.

7 нысанды жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастау туралы ҚР Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданды. Қайта ұйымдастырылатын, таратылатын және жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастауға жататын нысандарды қоса есептегенде, Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы бүгінде 88% құрайды.

«2018 жылы сатуға 243 нысан жоспарланды. Іс жүзінде 155 нысан сауда-саттыққа шығарылып, олардың 88-і 117 млрд теңгеге сатылды және 67-сі – сауда-саттықта. Тағы 8 нысан осы жылдың соңына дейін сауда-саттыққа шығарылады», — деп мәлімдеді қаржы министрі.

Бұдан бөлек, 56 нысан бойынша қайта құру және тарату туралы шешім; 7 нысан бойынша жекешелендіру нысандарының тізбесінен алып тастау туралы шешім қабылданды. ҚР Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 17 нысанның сату мерзімін 2019 жылға ауыстыру қажет. Қажетті материалдар жақында Мемлекеттік комиссияның отырысына шығарылатын болады.

Сонымен қатар, Кешенді жоспардың 58 топ нысанның 34-і сауда-саттыққа шығарылып, олардың 18-і сатылды, оларды сату құны 136 млрд теңгені құрады.

«Бір нысан осы жылдың 28 желтоқсанына қарай сатуға шығарылатын болады («Қазақавтожол» ЖШС). 3 топ нысан Мемлекеттік комиссияның шешімі негізінде тізбеден алынып тасталуы тиіс, 1 нысан – таратылуда. 10 топ нысанды сату мерзімі Мемлекеттік комиссияның шешімімен 2019– 2020 жылдарға белгіленген. Тағы 9 нысанды сату мерзімі 2019–2020 жылдарға ауыстырылуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Бұдан өзге, қаржы министрінің айтуынша, 2019 жылы 2019–2020 жылдарға жоспарланған 23 нысан сатуға шығарылуы керек. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 7 ірі компаниясын IPO-ға кезең-кезеңмен шығару арқылы сату жоспарланған. Бұл ретте, 14 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларының 25 пайызының 15 пайызын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында және Лондон қор биржасында сату бойынша сауда-саттық өтті. Оның нәтижесінде мәміле сомасы $451 млн құрады. Сатуға белгіленген акциялардың қалған бөлігін, ағымдағы жылдан объективті жағдайларға байланысты ауыстырылатын 17 нысанды, Кешенді жоспарға қосымша енгізілген 48 нысанды сату келесі жылы жалғасатын болады.

Өз кезегінде, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі артық және қайталанатын функцияларды анықтау тұрғысынан мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын функционалдық талдауды 2019 жылы аяқтайтынын хабарлады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Министрлік мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарын одан әрі оңтайландыру бойынша ұсыныстар дайындайтын болады.  

Сонымен қатар Т. Сүлейменов 2020 жылдың соңына дейін ведомствоға бағынысты кәсіпорындарды құруға мораторий енгізу жоспарланып отырғанын айтты (әлеуметтік саланы қоспағанда). Мемлекеттік органдарға жұмыс істеп тұрған ведомстволық бағынысты ұйымдардың әлеуетін пайдалану ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта тиісті қаулының жобасы әзірленді, ол келісу рәсімінен өтіп жатыр.

Ұлттық экономика министрі сонымен қатар Қордың активтерін IPO-ға шығаруға қатысты мәселелерді де баяндады.

«Биылғы 14 қарашада еліміздегі капитал нарығын дамыту мақсатында маңызды оқиға болған, Мемлекет басшысының қатысуымен АХҚО биржасында Қазатомөнеркәсібінің мәмлесі бойынша бірінші сауда-саттық сессиясының ашылуы өтті. Барлығы жалпы сомасы 168 млрд теңгеге Қазатомөнеркәсібі акцияларының 15% шығарылды. Акцияларды 49 шетелдік және 17 отандық заңды тұлға, сондай-ақ Қазақстанның 2700 азаматы сатып алды. Қор тобының қалған компанияларын IPO-ға шығару 2019–2020 жылдарға жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы Қазақтелеком мен Эйр Астананың акцияларын сату жоспарланып отыр», — деді Т. Сүлейменов.

Сатуға нысандарды даярлау туралы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы «Самұрық-Қазына» Қорының басқарушы директоры – хатшылық басшысы Ә. Пірметов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов, «ҚазАгро» Холдингі» АҚ басқарма төрағасы Р. Құрманов баяндады.  

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жалпы нысандар сатылымы кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Б. Сағынтаев 8 нысанның сауда-саттыққа шығарылмағанын және қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескере отырып, министрліктер, жергілікті атқарушы органдар мен холдингтерге осы жылдың соңына дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды тапсырды. Тізімге енгізілген жаңа 48 нысанның сату алдындағы дайындық жұмыстарын жеделдету қажет.

Дереккөз: http://egemen.kz/