Үкімет Жезқазған қаласының бас жоспарын мақұлдады
Үкімет Жезқазған қаласының бас жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі.
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ҚР Премьер-Министрі Ә.А.Смайыловқа Жезқазған қаласының бас жоспарын таныстырды. Нәтижесінде, Үкімет отырысында Ұлытау облысы орталығының басты құжаты мақұлданды.
Жезқазған қаласы – Ұлытау облысының орталығы мәртебесіне ие болғаннан кейін, жаңа объект санын көбейту қажеттігі туындаған соң бас жоспарға түзетулер енгізу былтыр қолға алынған болатын.
Айта кетейік, Жезқазғанның бас жоспары осы уақытқа дейін үш рет қоғамдық талқылаудан өтіп, тұрғындардың пікірін ескере отырып, мемлекеттік органдардың мақұлдауымен, қала құрылысы сараптамасынан өткен соң әзірленді.
Анықтама үшін: Бас жоспарда жаңа жол құрылымы, тұрғын үйлер, спорт сарайлары, театр, стадион, сауда, ойын-сауық орталықтары, әскери қалашық, өрт сөндіру депосы, жүзу бассейні және 29 балабақша, 8 мектеп, 3 облыстық, 4 қалалық аурухана, балаларды оңалту, онкологиялық орталық қарастырылған.
Қазіргі қолданыстағы басты құжат 117 мың тұрғынға жоспарланған болса, қабылдануы қажет бас жоспар 145 мың тұрғынға шақталып отыр.
Алдағы үш айда қала әкімдігімен бірге бас жоспар бойынша жер бөлініп, инвесторлар өз жобаларын жүзеге асыру үшін бөлінген жерлер аукционға қойылатын болады.
Жезқазған қаласының бас жоспары – облысты дамытудың негізгі құжаты. Ол — қалада құрылыс жұмыстарын жүргізуге және қабілетті инвесторлардың жобаларын жүзеге асыруға, қаланы құру және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.