Үкімет жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын мақұлдады

0

2018 жылғы 4 желтоқсан 16:44 237

Үкімет жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат — Министрлер кабинеті 2020-2025 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын қарап шықты. Аталған құжатта Президенттің биылғы Жолдаудында айтылған мәселелер қамтылған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жаңа бағдарламаны іске асыру кезінде өңдеу салаларына, әсіресе, xалық тұтынатын тауарларды шығару шараларына баса назар аударылады. Дәл осы жұмыспен айналысатын кәсіпорындарға қолдау жасалады. Осы орайда өнеркәсіптердің үш тобына басымдық берілмекші.

«Бірінші топ, ол — «мықты тыл». Оған өңдеу кәсіпорындары кіреді. Олардың есебінен xалық тұтынатын тауарларды қоса алғанда отандық өнімнің көлемі мен ассортименті кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады. Екінші топ — «бәсекеге қабілетті өндірушілер». Осы топқа экспорттаушылар жатады. Олардың міндеті — экспорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту. Ал үшінші топ — «салмақты орталықтар». Бұл — трансұлттық компаниялар мен шетелдік инвесторлар қатысатын ірі жобалар. Олардың есебінен өнеркәсіптік жартылай фабрикаттардың жаңа түрлерін шығару және қажетті шикізатты жеткізу шаралары шешіледі», — дейді Ж.Қасымбек.

Үкімет мүшелері жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын бірауыздан қабылдады.

Айта кетейік, отырыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы да қаралды.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, бүгінгі таңда балық, асыл тұқымды жылқылар, қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, рапс, сиыр еті, жонышқа, ұн, өсімдік майы, арпа мен жүгері үшін Қытай нарығы ашық.

«Осының арқасында 9 айдың ішінде Қазақстаннан Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 процентке ұлғайды. Иран тарапынан тірі қойды, тоңазытылған және салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ірі қара және ұсақ малды Сауд Арабиясына, ал ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қатысты шектеулер алынып тасталды», — деп атап көрсетті А.Евниев.