Үкімет шенеуніктердің ұшуына жылына 500 млн теңге жұмсайды

0

Премьер-министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың екі күндік жұмыс сапарына бюджеттен 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бұл туралы ақпарат бірнеше күн бұрын Instagram-дағы @protenge.kz аккаунтында жарияланды. Бұл – журналист Жәмиля Маричеваның жүргізетін көпшілікке ашық ресми құжаттардағы деректерге негізделген өз зерттеулерінің нәтижелерін жариялайтын Instagram аккаунты.

Журналистің кезекті зерттеу жұмысының негізіне премьер-министр орынбасарының Алматы және Талдықорған қалаларына жұмыс сапары алынған. Сұлтановтың Алматы облысына жасаған бұл сапарына халықтың ақшасынан 9,6 млн теңге жұмсалған болып шықты. Шенеуніктің мұндай қомақты қаржымен не үшін ұшқандығы анықталды.

Бақыт Сұлтанов Алматы қаласына 15 ақпан күні күндіз ұшып келген. Бұл жерде ол қала әкімімен жиналыс өткізіп, тараптар «сауда саласын дамыту мен бағаларды тұрақтандыру» мәселелерін қозғады. Премьер-министрдің орынбасары Алматыға бір күн қонып, артынша 16 ақпан күні Талдықорған қаласына ұшып барған. Мұнда Сұлтанов Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевпен кездесті. Соңғысы шенеунікке облыстағы мәселелер туралы айтып, өз жұмысын баяндап берген.

Осы екі күндік жұмыс сапарына қазақстандықтар 9,6 млн теңге төледі. Журналистің ойынша, мұндай сапарлар қомақты қаржыны талап етпейді. Өз зерттеуінде ол бұның бірнеше себебін көрсеткен.

Осы сияқты жиналыстарды онлайн форматта да өткізуге, мысалы Zoom бағдарламасы арқылы хабарласуға болады, – дейді журналист.

Тіпті жеке кездесу қатты қажет болып тұрған жағдайда, ақшаны үнемдеу жолын да көрсеттіп берген.

Министрлер бизнес-класс билеттерін тұрақты рейстерде сатып ала алады. Мәселен, Сұлтанов Алматыға тағы 8 көмекшісін ертіп, бизнес-класпен ұшатын болса, онда Үкімет ұшақ билеттеріне 1,5 миллион теңге қаржы жұмсайтын еді, – деп жазды Маричева.

Оның айтуынша, ақша үнемдеудің бұдан да жақсы жолы бар. Министрлер барлық қазақстандықтар секілді эконом-класпен ұша алады. Есептей келе, бұл жағдайда Сұлтановтың сапары салық төлеушілерге 500 мың теңгеге ғана айналатыны белгілі болды.

Сонымен, зерттеуші өз ойын қорытындылай келе, қазіргі уақытта Үкімет қызметкерлерінің ары-бері ұшуына бір жылға 500 млн теңгедей қаржы жұмсайтынын айтады. Бұл 10-15 млн теңгеден 30 шақты іс-сапарды құрайды. Алайда егер біздің министрлер эконом-класқа ауысса, аталмыш сома жылына 20-30 млн теңгені ғана құрап, еліміздің бюджеттік шығынын 10-15 есе азайтар еді деп түйіндеді ол жазбасын.