Үкімет қазақтың тойларын кейінге қалдыруға кеңес берді

0
55

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия адам көп жиналатын тойларды өткізбеуге шақырып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия көпшілік шараларға тыйым салуға байланысты үлкен тойларды өткізбеуге кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьер-министрінің орынбасары, комиссия басшысы Ералы Тоғжановтың айтуынша, шектеуді енгізу мәселесі тақыланғанда қазақтың той өткізу салты да кеңінен талқыланды. Оған толығымен тыйым салу мүмкін емес. Сондықтан комиссия адам көп жиналатын тойларды өткізбеуге үндеп отыр.

«Иә, алдағы мейрам бар. Туған күндер, үйлену тойлары бар. Бірақ әрбір адам негізгі мәселені ұмытпауы қажет. Ол – өмірдің қауіпсіздігі мен халықтың денсаулығы. Сондықтан тойды өткізудің алдында жақсылап тұрып ойланып алыңыз. Бізде тойға адамды көп шақырады. Меніңше, қонақты барынша қысқартқан дұрыс. Негізі, біз ондай үлкен шаралардан бас тартып, оны кейінге қалдыруға кеңес береміз», – деді Тоғжанов арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, үкімет үлкен тойларға қарсы емес. Бірақ қазіргі жағдайда сақтық шараларын барынша сақтау қажет.

Тоқаевтың тапсырмасы

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы қоғамдық шаралардың уақытша тоқтатылатынын мәлімеді. Осыған байланысты коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қосымша шаралар әзірледі. 13 наурыздан бастап көпшілік іс-шараларға, соның ішінде мерекелік, спорттық, мәдени-көпшілік шаралар, конференциялар, семинарлар мен көрмелерді өткізуге тыйым салынады.

Бұдан бөлек, барлық қоғамдық ұйым тиісті режимге көшетін болады. Жалпы, келесі шаралар қарастырылған:

  • Денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық көпшілік орындары, білім беру ұйымдары халыққа қызмет көрсету орталықтары, қоммуналдық шаруашылық, тамақ өнекәсібі орындары, базарлар, қонақ үйлер, әуежайлар мен вокзалдарда күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізу;
  • Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға шектеу қою;
  • Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салу;
  • Қоғамдық көлікті жуу мен дезинфекциялау, орта білім беру ұйымдарының каникулға 2020 жылдың 16 наурыздан бастап 5 сәуір аралығында шығуын қамтамасыз ету;
  • 16 наурыздан бастап колледж бен жоғары оқу орындарын қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру;
  • 1″а», 1″б», екінші және үшінші санаттағы елдерге халықаралық спорттық, мәдени туристік шараларға тыйым салу сияқты уақытша шектеу енгізу.



sputniknews.kz