Үкімет қашықтан оқытудан бас тартуы мүмкін

1

Үш ай каникул аяқталуға таяу. Билік жаңа оқу жылына дайын емес.

«Министр Аймағамбетов көп балалы және аз қамтылған отбасыларға ноутбуктар мен компьютерлерді уақытша пайдалануға тегін береміз деп уәде етті. Онысы өтірік болып шықты. Күні кеше мектептен мұғаліміміз қоңырау шалды. «Сіздерге ноутбукты әкімдік төмен бағамен таратады, небары 90 мың теңгеге сатып алыңыздар» деді. Сонда бұл қалай болғаны? Жасайтындарының бәрі көзбояушылық», – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Ләззат Тілегенова.

3 баланың әкесі Бағлан Мырзакерім де алаңдап жүргенін айтады.

«Менің отбасым көпбалалы. Отбасымда тек өзім ғана жұмыс істеймін. Әйелім карантин енгізілгелі жұмыссыз. Биылғы оқу жылына еш дайын емеспіз. Мектептен хабарласты, ешқандай тегін көмек жоқ деді. Оқитын 3 балаға 3 ноутбук алатындай қаржым жоқ. Айналдырған 100 мың теңге айлықты қай жағына жеткізетімді білмеймін! Мемлекет тарапынан көмек тағы болмай тұр», – дейді ол.

Білім министрлігі биыл бастауыш мектеп оқушылары үйде оқи алмаса, кезекші сыныпқа тіркеліп, мектепте оқуына болатынын жариялады. Алайда БҒМ-ның онысын да ата-аналар «көзбояушылық» дейді.

«Біз, ата-аналар, министрден оқу процесіне өзгеріс енгізуін сұраймын. Менің балам 0-сыныпқа қабылданды. Артынан ұстазы қоңырау шалып, балам қандай форматта – қашықтан әлде күндізгі бөлімде оқығысы келетінін сұрады. Педагогтың мәліметінше, күндізгі (очный) білім беру әрі кетсе небары 1,5 сағатқа ғана созылады екен. Ал жұмыс істейтін ата-аналар не істемек? Баласын таңертең сабағына апарып тастайды, одан жұмысына жеткенше баласын үйіне алып кететін уақыт болады. Сонда мұндай «дәстүрлі» оқытудан не мән қалды?! Жазу, оқуды білмейтін балдырған осы уақытта не үйрене алады? Мектептерді ашқан екен, түске дейін оқысын. Әртүрлі шектеулерден кейін жұмысына жаңа шыққан қазақстандықтарға қызметін толыққанды атқаруға мүмкіндік жасасын», – дейді ата-аналар белсендісі Евдокия Колесникова.

Елордалық мектеп-гимназия мұғалімі Сәбила Кенжетаева балалардың кезекші сыныпта қалай оқытылатынын түсіндірді.

«Бізде бастауыш сынып оқушылары тек математика және орыс тілі пәндеріне ғана келетін болып шешілді. Әр пән шамамен 30 минут қана өтеді. Қалған пәндер тегіс қашықтан өтеді. Сабақ үстінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық, гигиеналық талаптар қатаң сақталуы керек. Педагогтер де, оқушылар да маска киіп отырамыз. Ата-аналар балаларын мектепке ертерек әкелуі керек, себебі, кіреберісте дене температурасы өлшенеді. Қызуы бар болса, үйіне қайтарылады. Кешігіп келгендер сабаққа жіберілмейді: кабинеттердің есіктері жабылады, ешкім де оларды жеке шығып қарсы алмайды. Ата-аналарға мектептің ішіне кіруге тыйым салынады. Сабақтар арасында үзіліс болады, бірақ балалар кабинеттен шықпайды, дәлізде жүрмеуі керек. Асхана жұмыс істемейді. Ата-аналар балаларын далада күтулері қажет», – деді ұстаз.

Оның айтуынша, әр топта 8-10 оқушыдан ғана болады. Шәкірттерге өз мұғалімі емес, басқасы сабақ беруі мүмкін. Өйткені мұғалімдерге тек бір ауысым жұмыс істеуге рұқсат етілген.

Қазақстандықтар білім саласы шенеуніктерінің жете ойластырылмаған шешімдеріне қарсылығын петициялармен, ашық хаттармен білдіруде.

Алматылық белсенді Ильмира Шегелова БҒМ басшысына хатында «қашықтан оқыту барысында ата-аналардың оқулық алуға жұмсаған қаражаттарына, баласын сабақтан әкету үшін жұмыстан сұрану кезінде шеккен шығындарына мемлекет өтемақы жасауға тиіс» деген ұсыныс айтады. Ол Конституцияның 30-бабы бойынша Қазақстанда азаматтарға тегін орта білім беруді мемлекет кепілдендіретінін еске салды. Алайда онлайн оқытуға көшкелі балалы отбасылар кітаптар мен оқулық құралдарын, компьютер не ноутбукты, интернет-топтамасын және басқасын сатып алуға қалтасынан үлкен шығын шығаруда. Басқаша айтқанда, іс жүзінде орта білім ақылы болып кетті. Бұл ретте мемлекет тек «орта білім алу міндетті» деген бапты ғана сақтап отыр.

«Білім туралы» заңының 5-бабына сәйкес, білім министрлігі «азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етуге» тиісті. Ведомство пандемия жағдайында бұл міндетін орындай алып отыр ма? Ата-аналардың бұған күмәні бар.

«Қашықтан электронды білім беруді ұйымдастыру үшін азаматтардың қолында кез келген компьютер емес, баланың денсаулығына қауіпсіз компьютерлік техника болуы қажет. Әйтпесе, балалардың көру қабілеті жаппай нашарлайды. Сапасыз техниканы пайдалану баланы депрессивті күйге ұшыратуы, «цифрлы аутизм» тудыруы және басқа да дерттерге шалдықтыруы ықтимал. Бұған қатысты әлемде қаншама зерттеулер жүргізілген. АҚШ-тың өзінде Нью-Йорк, Нью-Гэмпшир, Индиана, Канзас штаттарында жүздеген мұғалім мен оқушылар Марк Цукерберг қаржыландыратын Summit Learning тегін платформасы аясында цифрлық білім беруге қарсы наразылық акцияларын өткізуде. Себебі ол әсіресе, Америкадағы ауылдар мен шағын қалаларда дәстүрлі білім беруді бюджеттік қаржыландырудың күрт азайтылуына соқтырған», – деп алаңдаушылық білдіреді И.Шегелова.

Ата-аналар шағымына өз блогында Асхат Аймағамбетов жауап берді.

«Қазақстанда алда індетке қатысты жағдай жақсарса, мектептерді оқытудың бұрынғы дәстүрлі форматына кезең-кезеңмен оралуды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде штаттық режимде білім алуға 1–4 сынып оқушылары көшеді. Бұл жағдайда санитарлық қауіпсіздік шаралары, яғни термометрия, дезинфекциялық тонелдер, санитайзерлер барынша сақталады. Әр сыныптағы шәкірттер үзіліске әр уақытта шығады», – деді білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов.

Ол компьютер беру әр мектептің өз құзырында екенін және ата-аналар солардан не жергілікті білім басқармасынан сұрауы керектігін жеткізді.

Жанат Ардақ

inbusiness.kz

Загрузка...

1 Пікір

  1. Аймаганбетов мырза сизден кеширим сураймын аз камтылган отбасыга жане коп балалы ата аналарга компьютер бериледи екен мен ашуга берилип дурыс тусинбей айттым жазганым ушин кеширим сураймын

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз