Үкімет пен Ұлттық банк мәлімдеме жасады

0
42

Үкімет қызметкерлер санын қысқартуға жол бермеуге және еңбекақының уақытылы төленуін қадағалауға уәде берді

НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз —  Sputnik. Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банкі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстарға ие. Бұл туралы олардың бірлескен мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

ОПЕК+ мұнайдың негізгі экспорттаушы елдері арасындағы мұнай өндіруді шектеу жөніндегі келіспеушіліктер мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай төмендеуіне алып келді. Бүгін Brent маркалы мұнай әлемдік нарықта 30%-ке арзандап, барреліне 31-33 доллар көлемінде саудаланып жатыр.

«Осы жағдайға байланысты үкімет пен Ұлттық банк мемлекеттік саясаттың басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты және салық-бюджет саясатының тиімділігін қамтамасыз ету, инфляциялық процестерді басқару және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау болып қалатынын мәлімдейді», – деп хабарлады Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі.

Сыртқы нарықта қалыптасқан ахуалға және оның Қазақстан экономикасына әсеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қажетті шешімдерді жедел қабылдап, оларды жүзеге асыру үшін премьер-министрдің басшылығымен штаб құрылды.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Ақордада шұғыл кеңес өткізді 

Үкіметтің бюджет саясатының шаралары әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауға бағытталатын болады. Басым емес бюджет шығындарын қысқарту шаралары қабылданады.

«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның негізсіз өсуін, әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қымбаттауын болдырмауға ерекше назар аударады», – деп толықтырды үкіметтің баспасөз қызметі.

Қызметкерлердің санын қысқартуға жол бермеуді және еңбекақыны уақытылы төлеуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылау жасалады.

Ұлттық банк валюта нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті валюталық интервенциялар жүргізеді. Ұлттық банктің теңгенің айырбас бағамымен алып-сатарлық операцияларды болдырмау үшін алтын-валюта активтерінің жеткілікті көлемі, сондай-ақ реттеуіш құралдарды қоса алғанда, барлық қажетті құралы бар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар қабылдайды.



sputniknews.kz