Үкімет отырысында Қызылорда қаласының бас жоспары бекітілді

0

Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс орталығының бас жоспарын таныстырды.

Аймақ басшысы Қызылорда қаласының бас жоспары — облыс орталығының қала құрылысы және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі құжаты болып табылатынын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен 2016 жылдың 9 қыркүйегінде өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының хаттамасына сәйкес Қызылорда қаласының қолданыстағы Бас жоспарына болашақ әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын ескере отырып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. «Қызылорда қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу» жобасына сәйкес  2018 жылы қаланың жалпы аумағы 13 600 гектардан 20 528 гектарға дейін ұлғайды», — деді Қырымбек Көшербаев.

2018 жылдың 1 қаңтарына облыс орталығындағы халық саны 294 мыңды құраған болса, 2019 жылдың 1 қаңтарында 303 мың адамға жетті. Алдын ала болжам бойынша 2025 жылға қарай қаладағы халық саны 350 мыңға жетеді. Мұнан бөлек, бүгінгі таңда Қызылорда қаласының тұрғын үй қорының жалпы алаңы 5,5 млн шаршы метрді құрайды, 2025 жылға қарай тұрғын үй қорын  8,4 млн.шаршы метрге жеткізу қажет.

Көпқабатты тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында соңғы 6 жыл ішінде Қызылорда қаласында 10 жаңа шағын аудан және қаланың қолданыстағы шағын аудандарында 5 тұрғын үй кешені ашылды. Онда — 139 көпқабатты тұрғын үй салынды (6500 пәтер). 2019 жылдың соңына қарай Қызылорда қаласының тек сол жағалауында 2628 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үй салынып, онда 13,0 мың адамды қоныстандыру жоспарлануда.

«Қызылорда қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу кезінде тиісінше инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, көше-жол желісі, сондай-ақ Қызылорда қаласының аумағын сәулеттік-жоспарлау бөлімдері түзетілді. Бас жоспардың жобасы Қазақстан Республикасының барлық мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдарымен келісілді», — деді облыс әкімі.

Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.

Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады.  Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар — өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.