Үкімет отырысында электр энергиясы мен көмір бағасын төмендету жайы қаралды
Энергия тарифтері төмендейді
Электр энергиясы мен көмір тарифтерін төмендету бойынша Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объективті деңгейін белгілеу бойынша жұмыстарды аяқтап қалғандығын мәлім етті. Өткен аптада атқарылған жұмыстың алдын ала нәтижелері жұмыс тобының қарауына ұсынылды. Оның отырысына Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Отырыс барысында электр энергиясына арналған шекті тарифтердің ұсынылған деңгейі талқыланды.
«Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінен 25 пайыз төмен белгіленді. Энергетика министрлігінің есептеу тәсілі тұжырымдамалық қолдау тапты», деді Қ.Бозымбаев.
Бұдан басқа, жұмыс тобының отырысында қуат тарифінің шекті мөлшерін 1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңгеге дейін төмендету ұсынылды.
Қ.Бозымбаев екі мәселенің маңыздылығын атап өтті: Бұл – электр стансалары үшін «кем дегенде» ағымдағы көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап, көмірді тасымалдау құнын төмендету және 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтер деңгейін төмендету.
Сонымен қатар министрлік тауарлық газдың да шекті көтерме бағаларын төмендету үшін бұйрық жобасын әзірледі. Бұл бұйрық 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр стансалары үшін 12-22%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те осы тарапта атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады.
«Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, биылғы 1 мамыр мен 23 қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халық үшін көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы тәртіпте орындалуда», деді ол.
Жалпы жоспарға сәйкес, он облыс және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамтамасыз ету көрсеткіші 85%-дан асады. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, коммуналдық-тұрмыстық көмірдің бағасы көмірдің сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды.
Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтері мен бағаларын төмендету мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі мен Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдар мен қоймалардағы коммуналдық-тұрмыстық көмір сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі. Жергілікті атқарушы органдар бірқатар өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандум жасасты, басқаларымен қол қою жұмысы жүргізілуде. Министрліктің ақпараты бойынша бұл іс екі күннің ішінде аяқталмақ. Осы жұмыстың нәтижесінде көмірдің бағасы орташа есеппен 15-20%-ға немесе 2500-3000 теңгеге төмендейді.
Ж.Қасымбек Астана мысалында темір жол тұйықтарында көмір бағасының төмендеуі қалай қолға алынатынын айтты. Көмір разрезіндегі баға өзгермейді. Мәселен, ол Шұбаркөлде – 5000 теңге. Есесіне трейдер компания бағаны 60-70%-ға төмендетеді, сөйтіп үстеме 2 985 теңгеден 885 теңгеге дейін төмендейді. Шұбаркөл разрезінен Астанаға дейін темір жолмен тасымалдау шығыны 1 715 теңгені құрайды. Темір жол көлік шығындары стансадан эстакадаға дейін 1 242 теңгені құрайды.
«Көмір тұйықтарындағы делдалдардың үстемесі – 2000 теңге. Олар 25-30%-ға, яғни, 1500-1700 теңгеге дейін төмендете алады. Қабылданған шаралардан кейін Астанада көмір бағасы екі аптада 18%-ға, яғни 13 600-14 500 теңгеден 11 200 теңгеге дейін арзандауы тиіс. Айырмашылығы орта есеппен 2 400 теңгені құрайды», деп түсіндірді Инвестициялар және даму министрі.
Ж.Қасымбек бағаны төмендету бойынша қабылданған шаралардан кейін көтерме және бөлшек саудадағы көмір бағасы төмендеуі тиіс екенін мәлім етті.
Бұл жағдай барлық аймақтарға қатысты. Мәселен, Ақмола облысында көмір бағасы 16%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 17%-ға, ал Шымкент қаласында 14 700 теңгеден 12 150 теңгеге дейін төмендейді деп жоспарлануда.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев Үкімет өз тарапынан көмір разрездерінде бағаны төмендету бойынша барлық жұмысты жүргізіп жатқанын атап өтті, енді негізгі жұмыс әкімдіктердің мойнында. Осыған байланысты өңірлер әкімдеріне көмірді түпкі тұтынушыға дейін жеткізуді бақылау, сондай-ақ көмір бағасының 15-20%-ға төмендеуі аясында темір жол тұйықтарында тасымалдаушылар тарапынан бағаның негізсіз өсірілуіне жол бермеу қажеттігін, бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.
Байланыс бағасы да арзандайды
Мұнан кейін байланыс қызметтері бағасының да төмендейтіні мәлім болды. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглованың айтуынша, ауыл тұрғындарына телефон және интернет тарифтері бойынша (2013 жылдан бастап) өз құнынан төмен бағамен қызмет көрсетіледі.
Телефон байланысының тарифі – 596 теңге (ал өзіндік құны 1125 теңге), интернет тарифі – тарифтік жоспарға қарай 982 теңге мен 1964 теңге аралығында (өзіндік құны 2932 теңге).
Ауылдық жерлерде тариф бойынша әмбебап қызмет көрсететін операторларға өтемақы бюджет есебінен төленеді. Биыл осы қызметтерді субсидиялауға 8,7 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік индексінде байланыс қызметтерінің тарифтік қолжетімділігі бойынша Қазақстан жоғары орында тұр. Оның ішінде ұялы байланыс тарифтері бойынша Қазақстан 140 елдің ішінде 29-орында болса, ал бекітілген кеңжолақты интернет қызметтері бойынша 20-орында», деді Д.Щеглова.
Байланыс қызметтеріне бағаны төмендету бойынша тапсырманы орындау мақсатында АКМ барлық ірі байланыс операторларының: «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Қазтранском» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қатысуымен кеңес өткізді.
«Кеңес қорытындысы бойынша байланыс операторлары қолжетімді «әлеуметтік» тарифтік жоспарларды әзірлеу арқылы байланыс бойынша көрсетілетін қызметтер тарифін төмендетуді ұсынды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне осы айдың соңына дейін жаңа тарифтік жоспарлардың құрылымы, қызмет көрсету көлемі мен бағалары бойынша ұсыныс енгізу тапсырылды. Операторлардан әлеуметтік тарифтік жоспарлар бойынша ақпарат алған соң оларды БАҚ-тарда насихаттау жұмыстары жүргізіледі», деп түйіндеді вице-министр.
Монополистер қызметтері тарифіне тосқауыл қойыла ма?
Үкімет отырысында сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы монополистердің қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.
«Бүгінде жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды. Монополистердің негізсіз кірістерін анықтау және оны тұтынушыға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеру басталды. Енді осындай 24 тексеру қолға алынбақ», деді Т. Сүлейменов.
Министрлік сонымен қатар электр энергиясына және газға арналған көтерме бағаларды төмендету жұмысын жүргізуде.
ҰЭМ облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай тасымалдары қызметтеріне бағаларды төмендету бойынша жұмыстар жүргізу қажеттілігі туралы мәселені пысықтау үстінде.
Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс ұйымдастыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында тұрғын үй шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөнінде 1312 адам қатысқан 48 қоғамдық қабылдау өткізілді. Т.Сүлейменов өткізіліп жатқан қоғамдық қабылдауларға қатыса алмайтын тұтынушылар үшін «жедел желі» телефондары жұмыс істейтінін хабарлады. Жедел желі телефоны 8-8000-8000-12, Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.
Премьер-Министр аз уақыттың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының, газ, жылу, су және көмірдің, ұялы байланыс пен интернет қызметінің бағасы төмендейді. Осыған орай Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары 1 қаңтардан бастап орындалуы керектігін баса айтты.
Тапсырмаларды жүзеге асыру үшін облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне тұрғындар көмірдің қолайлы бағасын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік операторлардың үздіксіз және сапалы жұмысын жолға қою тапсырылды.
Сонымен қатар Премьер-Министр бірқатар өңірде жылдың басынан бері қоқыс шығару тарифтерінің өскеніне тоқталды. Ол Шығыс Қазақстан облысында 30%-ға, Батыс Қазақстан облысында 46%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 50%-ға және Алматы қаласында 40%-ға өскен. Жолаушылар тасымалы бойынша Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30%-ға өскен.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне облыстың коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстарды тиянақты жүргізуді тапсырды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»