Үкімет мүшелері Жаңаөзенге барды
15 наурызда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова және үкіметтің тағы бірнеше мүшесі Жаңаөзенге барып, тұрғындармен кездесті деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері.
Кездесуде Жаңаөзен тұрғындары көптен бері шағымданып келе жатқан жұмыссыздық мәселесі айтылған.
«Халыққа жұмыс керек. Бұл үшін облыстағы бизнесті дамыту қажет. Сондай-ақ, зейнетақы жүйесін қайта қарауды ұсынамын. Әсіресе, мүгедек бала бағып отырған аналардың жағдайын қайта қарастырсаңыздар» деген Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова.
Бұған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев «Әрине, кәсіпкерлікті дамытуымыз керек. Біз бұл мәселені облыс әкімімен бірге қарастырамыз» деп жауап берген.
Дегенмен Әбдіхалықова бастаған үкімет мүшелерінің Жаңаөзенде тұрақты жұмыс сұрап, наразылық білдіріп жүрген тұрғындармен кездескен-кездеспегені белгісіз.
Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде жұмыссыздар әкімдікке талаппен тағы да келді (11 наурыз 2019 жыл).
Жаңаөзен тұрғындары ақпан айынан бері қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимараты мен әкімдік алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұрап келеді. Олар әлеуметтік желіде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына да бірнеше рет арнайы үндеу жолдаған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Үкіметтің әлеуметтік бастамаларын халыққа түсіндіру үшін Гүлшара Әбдіхалықова бастаған үкімет мүшелері аймақтарды аралайтыны жөнінде наурыз айының басында айтылған.