Үкімет мұнай бағасына болжамды 55 доллар деңгейінде белгіледі

0
96
26 Қараша 2018, 14:12 173 0

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2019-2023 жылдары болжамды мұнай бағасы бір баррель үшін 60 доллардан 55 долларға дейін төмендегенін мәлім етті.

Отырыста министр 2019 – 2023 жылдарға арналған негізгі макрокөрсеткіштердің және 2019 – 2021 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің нақтылауын таныстырды.

«Соңғы екі айда мұнай бағасы біршама құбылмалылықты көрсетеді. Биыл қазан айының басында ол 86,2 долларды құрады. 23 қарашада мұнай бағасы барреліне 58,8 долларға төмендеді. Ауытқу 32 %-ті құрады. Осыған байланысты әлем нарықтарындағы ағымдағы жағдайын және халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарын ескере отырып, болжамды мұнай бағасы бір баррель үшін 60 доллардан 55 долларға дейін төмендеді», – деді ол.

Оның айтуынша, жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2019 жылы 3,8 %-ті құрайды екен.

«Бұл ретте жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі (2019 – 2023 жылдары) 4,1 %-ті құрайды. 2019 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 64 триллион теңгеден 2023 жылы 86,5 триллион теңгеге дейін өседі. Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 2019 жылы 9,4 мың долларды құрап, 2023 жылы 12,1 мың долларға дейін ұлғаяды», – деді ол.

Сонымен қатар Тимур Сүлейменов аталған жылдары өңдеу өнеркәсібі 4,1%, тау-кен өндіру 3%, ауыл шаруашылығы – 6,4%, құрылыс саласы – 4,1% , сауда – 4,4% өседі екен.

«Экспорт көлемі 2019 жылы 54,1 млрд долларды құрайды. Ал ол 2023 жылы 65,7 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 2019 жылы 32,9 млрд доллардан 2023 жылы 39,6 млрд долларға дейін өседі», – деді министр.

Сонымен қатар ол алдағы жылы елімізде мұнай өндіру көлемі 88 млн тоннадан 2023 жылы 99 млн тоннаға дейін өсетінін атап өтті. Оның айтуынша, инфляция бұрын мақұлданған деңгейде 2019 жылы 4-6% сақталады, ал 2020 – 2023 жылдары 3-4% дейін төмендейді.

Осы орайда Сүлейменов 2019 – 2021 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің болжамы қайта қаралғанын атап өтті.

«Республикалық бюджет кірісі (трансферттерді қоспағанда) 2019 жылы 6 трлн 786 млрд теңге, 2020 жылы – 7 трлн 360 млрд теңге, 2021 жылы – 7 трлн 998 млрд тенге көлемінде болжануда. Республикалық бюджет шығыстарының болжамы 2019 жылы 10 трлн 727 млрд теңге, 2020 жылы – 11 трлн 59 млрд теңге, 2021 жылы – 11 трлн 402 млрд теңге көлемінде айқындалды», – деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, ұлттық қордың валюталық активтері 2019 жылы 63 млрд доллардан 2021 жылы 67,4 млрд долларға дейін ұлғаяды екен.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ