Үкімет көмір өндірісін сауатты пайдалануды әлі білмейді

0

Қазір Қазақстанда 400-ден астам тас және көмір кен орындары бар. Еліміздегі көмірдің қоры  160 млрд тоннаны құрайды. Мамандардың пайымдауынша, осы көмір қорын сауатты пайдалана білсек, 250 жылға жетуі әбден мүмкін.

Өкініштісі сол,  біз көмір өндірудегі ең озық 10 елдің қатарына ене тұра көмір қорын дұрыс пайдалануды әлі меңгере алмай отырмыз. Бізде көмір өндірісіне қатысты жабайы кәсіпкерлік қалыптасып алған.  Бұған елде жыл сайын көмір бағасының өсім беретіні, тапшылығы, көмір алу үшін кезекке тұрған халықтың жаға жыртысуға дейін баруы дәлел. Елде қыстың көзі қырауда қатты отынның бағасы жыл сайын өсім береді. Бұған қатысты Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырза «көмірдің бағасын арзандатамын» деп тырысып-ақ жүр.

Министрдің айтуынша, елдегі көмір резервіндегі негізгі баға 5500 теңге. Ол баға өзгермей осы күйінше қалады. Көмірді теміржол арқылы тасымалдау шығыны 1715 теңгені құрайды. Стансадан эстакадаға дейін апару 1242 теңге, ал көмір қоймаларындағы сатушылардың үстемесі 2000 теңге. Сонда осы соманың барлығын қосқанда делдалдарға дейінгі көмірдің бағасы 10457 теңгені құрап отыр. Енді бұған делдардар өз үстеме бағасын қосады.  Үйге жеткізіп беру бағасын қосады. Сонда бір тонна қатты отынның бағасы 15-20 мың теңге болып шыға келеді.

«Барометр» зерттеу орталығының экономист-сарапшысы Арман Мусиннің айтуынша,  біз үшін алдымен осы делдалдар мәселесін шешіп алу өте маңызды.

«Бағамдасақ, елде жыл сайын көмірдің құны артып барады. Елдегі көмір қоры 150-160 млрд тоннаны құрайды. Мұның 25 пайызы шетке экспортталады, қалған 75 пайызы ішкі нарықты қамту үшін қалады. Осы 75 пайыз ішкі нарықты толыққанды қамтуға жетеді. Бірақ бізде қыс келсе бітті көмір тапшы болады. Делдалдар бағаны қолдан өсіре қояды. Делдалдар мен көмір қоймаларындағы сатушылардың осындай бірігіп алып астыртын әрекетке баруы түрлі келеңсіз жайттар тудыруда. Сондықтан үкімет бірінші кезекте осы мәселені шешу керек. Көмір қоймаларындағы сатушыларға, делдалдарға бақылау орнату керек. Бағаны қолдан өсіретін делдалдарға, қажет болса, әкімшілік жаза қарастыру керек. Қарағанды көмір бассейіні, Екібастұз көмірі, Қаражыра, Шұбаркұл көмірі, Майкүбі қоңыр көмір алабы, Ақсу ГРЭС көмір алабы осылардың барлығына нақты қадағалау бақылау керек. Үкіметтік тұрғыда қадағалау болмаса болмайды. Жекеменшіктің қолында екен деп еркіне жібере берсек, бұлар көмірдің құнын, оны жеткізу қызметін шарықтатып өсіре береді»,-дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Біз экономист-сарапшының сөзі дәлелді болуы үшін соңғы жеті жылдағы көмір бағасын арнайы сызбамен көрсеттік. Маман айтып отырғандай, расымен де елдегі көмір бағасы жыл сайын өсім беріп келеді.

көмір

Сондай-ақ экономист-сарапшы Арман Мусиннің пайымдауынша,  көмір экспортында да әлі күнге дейін жоғары жетістікке жеткен жоқпыз. Көмірді тек шикізат күйінше ғана шетелге жөнелтуді меңгердік. Ал өзге елдер көмірден бензин алу, электр энергиясының 80 пайызын көмірден алу, тіпті көмірден түрлі иіссулар алу әдісін де жап-жақсы меңгеріп алған.

«Көмірден жаңа технологияның көмегіне жүгіне отырып жанармай алу әдісін жетілдіре алмай отырмыз. Мысалы, бізден көмір алатын Жапония осы әдісті әбден меңгеріп алған. Финлияндияда көмірден иіссу өндіретін компаниялар бар.  Швейцария көмірден электр энергиясының 80 пайызын өндіруді жақсы меңгерген. Біз әзірге көмірден дайын өнім алу жағын сауатты меңгермедік. Себебі технологиялық базамыз жеткіліксіз. Көмір мен ағаштан синтетикалық мұнай алуға болатынын Қазақстанның  «Химиялық материалдарды талдау және синтездеу» орталығының ғалымдары дәлелдеді. Бірақ өндіріске енгізе алмады. Бізде ғалымдардың жаңалығын өндіріске енгізу жағы кемшін. Негізі аңғарғанға, көмірдің болашағы мұнайдан да жоғары. Бірақ атқарушы билік бұған аса мән бермей отыр»,-дейді экономист Арман Мусин.

Деректерге жүгінсек, расымен де Қазақстан ТМД елдерінен бөлек Жапония, Швейцария, Кипр, Финлияндия тәрізді елдерге көмір экспорттайды. Мамандар болашақта Қазақстан көмірінің экспорттағы әлеуетін арттыру үшін одан өнім алуды меңгергеніміз жөн екенін алға тартты.

Төменде біз Қазақстан көмірінің экспорттық әлеуетін арнайы сызбамен көрсеттік.

көмір

Химия ғылымының докторы Қорлан Апсалықованың пайымдауынша да көмір қорын сауатты пайдалансақ, нақ бүгінгідей ішкі нарықта көмір тапшылығына, қымбатшылығына жол берілмес еді. Маманның айтуынша, 2015 жылы Қытайдың Циньхуа компаниясы қазақстандық көмірді өңдеуге 8 млрд доллар бөліп, жылына 6 милллион тонна көмірді иемденіп отыруға келісім жасаған. Ал  2017 жылы Израиль мемлекеті көмірімізді өңдеуге 3 трлн теңге бөлген. Бұл жоба аясында күн электр стансаларын салу жоспарланған.

«Дамыған елдерден бөлек, экономикасы бізбен деңгейлес ТМД елдерінің өзі көмірден электр энергиясын өндіру, өнім алу жағына аса ден қойып отыр. Бізде бір ғана Екібастұз көмірінің қоры 10 млрд тонна. Екібастұз бассейінен шыққан көмірдің 80 пайызы Ресейдің электр станцияларының пайдасына жұмсалып келді. Ресей қазір 2030 жылға дейін өз көмірін өндіруді дамыту жобасын қолға алды. Содан кейін барып біздің елден Ресейге баратын көмір экспорты саябырсыды. Қарағанды көмір бассейнінің де көмірі 2 млрд тоннадан асады. Ақсу ГРЭС көмірінің құрамында алюмений оксиді бар. Осы көмірді өңдеп құрылысқа қажетті алюмений шығару да қолымыздан келмей отыр. Егер болашақта көмірді өңдеуді дұрыс пайдалана алсақ, заманға сай жылу мен жарық алуды меңгеретін едік. Көмірден газ алу жағы да әлемде жақсы дамып келеді. Сондықтан болашақта технологиялық базамызды жетілдіру   жағын ойластырған жөн. Бұл ретте ғалымдардың ой-пікіріне де құлақ асып, олардың жаңалықтарын өндіріске енгізу жағына мән берілуі тиіс»,-дейді ғалым Қорлан Апсалықова.

Қарлығаш Зарыққанқызы

«Қамшы» сілтейді