Үкімет кезекті девальвация жүргізуді жоспарлап отыр – Экономист

0
Шымкент базарындағы сатушы. Көрнекі сурет.

Үкімет техникалық дефолтты еңсеру үшін кезекті девальвация жүргізуді жоспарлап отыр.

Азаттыққа сұхбат берген экономист Айман Тұрсынхан осылай деді.

«Бірақ біз халық тұтынатын тауарлар, бөлшектер мен өндіріс құралдары бойынша экономика мен ішкі нарықтың доллар және еуро зоналарынан келетін импортқа тәуелділігі 60 пайыздан асатынын жақсы білеміз. Сәйкесінше, екі еселенген инфляция туралы айтқанда үкімет екі еселенген девальвацияны меңзеп отыр. Әлемдік баға бұрынғы қалпында қалады немесе пандемия кезінде тұтынудың төмендеуіне байланысты арзандайды. 2019 жылы желтоқсанда «бір доллар – 380 теңге» деген бағаммен шетелден импортталатын қызанақтың бір келісін бір долларға алып келдік делік. Енді қазір дәл сол қызанақтың бір келісі 0,95 доллар тұрады, бірақ «бір доллар – 465 теңге» деген бағамды аламыз (2020 жылы наурызда тіркелген ең жоғары көрсеткіш). Сонда қызанақтың теңгемен есептегендегі бағасы қандай болады? Бір келі қызанақ көлік шығыны (жеті пайыз), кедендік төлем (15 пайыз), қосымша құн салығы (14 пайыз) мен импорттаушының табысын қоспағанда 460 теңгеден түседі. Ал дәл осы параметрлер бойынша қызанақтың бағасы жарты жыл бұрын қанша еді? 380 теңге. Тұтынушы бағасындағы инфляция мөлшері қандай? 16,25 пайыз. Тұтынушы бағасында екі еселенген инфляция тіркеліп отыр. Ал девальвация ше? 22,23 пайыз – ол да екі еселенген. Бұл да қарапайым арифметика.

Осылай девальвация қарқынды өскен сайын инфляция да арта береді. Мысалы, бәрін өзіміз өндіріп, өзіміз тұтынып, валюта бағамынан қорықпайтын болсақ, жағдай қалай болар еді? Ұлттық банк «монетарлық саясаттың түпқазығы – бағаны ұстап тұру» (инфляциямен күрес) деп мәлімдейді. Инфляция шектен тыс тұтынудан туады деп түсіндіреді. Ал шектен тыс тұтынуға арзан несие беру ықпал етеді. Халық түсінбей, қолына түскеннің бәрін несиеге ала береді. Ал Ұлттық банк «Қазір біз ақымақ тұтынушыға ақшаның құнын түсіндіреміз – базалық көрсеткішті ақымақ адамдар несие алмас бұрын жүз рет ойланатындай етіп көтереміз» дейді.

Ұлттық банк монетаристердің бастамасымен кез келген дағдарысқа «Біз кінәлі емеспіз, инфляцияға халық кінәлі!» (бұл Ерболат Досаевтың 2019 жылы айтқан сөзі) деп жауап беру үшін осындай ақылға қонымсыз концепцияны 2007 жылдан бері ұстанып келеді. Нәтижесінде базалық мөлшерлемені 9,5 пайыздан 24 пайызға дейін көтереді. Ақшаның бағасы құбылмалы – несие бойынша жылдық мөлшерлеме 36–50 пайыз. Қарыздың өндірілетін тауарлар мен атқарылатын қызметтердің өзіндік құнынан қайтарылатын үлесі 16–20 пайызға дейін жетеді. Яғни, кез келген кәсіпкердің бүкіл табысы банкте қалады деуге болады. Бірақ кәсіпорын жабылып қалады. Жұмыссыз адам көбейіп, халық кедейлене түседі, қарызын қайтара алмайды, баспанасынан айырылады, ал инфляция бұрын қандай үлкен қарқынмен өссе, дәл солай арта береді.

Не істеу керек? Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі үш пайыз көлемінде тұрақтап, өсімқорлық пен тұтынушылық несиелер беруді шектеу туралы заң қабылдануы керек.

Бизнес пен халықты несиелік оңалтудан өткізіп, банктердің қаржыландыру операцияларындағы монополиясын шектеп, қаржы секторын толықтай либерализациялау қажет. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасынан бизнеске арналған қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды алып тастаған дұрыс. Бұл «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларына қарастырылған бюджеттің 47 пайызын үнемдеп, қаржыны мақсатсыз жұмсаудың алдын-алады. Осылай жылына 500 миллиард теңгеден астам қаржы үнемдеуге болады.»