Үкімет халықтың табысын арттыруға кірісті

0

Экономика

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында үш заң қабылданады. Олар – жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» заң, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу және Денсаулық кодексі

НҰР-СҰЛТАН, 28 қаңтар – Sputnik. Үкіметтің бүгінгі отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жоспары таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, президент үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы көтеру және халықтың табысын арттыру бойынша барлығы 80-нен астам тапсырма берді. Осыған орай, үш заң қабылданады. Олар – жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» заң, Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу және Денсаулық кодексі. Бұдан бөлек, үш бағдарламалық құжат бекітіледі. Соның ішінде Ақша-кредит саясаты стратегиясы, Сауда саясаты бағдарламасы және Су ресурстарын басқару бағдарламасы бар.

«Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды және жедел пысықтау қажет. Осыған байланысты, Асқар Ұзақбайұлы (үкімет басшысы – Sputnik Қазақстан), сіздің басшылығыңызбен үкіметте жұмыс тобын құру ұсынылады. Жұмыс тобы шеңберінде 10 шағын топ болады. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары шағын топтарды басқарады және оларға дербес жауапкершілік жүктеледі», — деді Дәленов.

Бұл жұмысқа сарапшылар мен кәсіпкерлер тартылады. Әрбір шағын топтың шеңберінде мемлекет басшысының тапсырмаларын іс жүзінде орындауға бағытталған нақты шаралар әзірленеді. Атап айтқанда, 1 шілдеге дейін  Бюджет кодексіне өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ, Ақша-кредит саясаты стратегиясы даярланады. Ұлттық төлем жүйесін құру шаралары басталады.

Екі жарым сағатқа созылған отырыс: Тоқаев үкіметте қандай мәлімдемелер жасады?

«Осы жылдың 1 мамырына дейін нәтижесіз шығыстарды қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен бірге, ауыртпалықсыз кейінге қалдыруға болатын мемлекеттік шығыстардың тізбесі айқындалады. Ал жылдың соңына дейін жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» заң қабылданады», — деп атап көрсетті Дәленов.

Министрдің сөзіне қарағанда, биыл 1 шілдеге дейін елдің зейнетақы жүйесін жаңғырту бойынша тәсілдер мен шешімдер де әзірленетін болады.



sputniknews.kz