«Үкімет халықтан ақша жасайды»: Қазақстанда онлайн-аударымдарға салық енгізу дауы басылмай тұр
Үкімет «Каспи голд» секілді жиі ақша аударатын жүйеге қайтіп салық салу керегінің кілтін тапқан сияқты. Қаржы министрлігіндегілердің айтуынша, бұл салықтан жалтаратын бизнес өкілдерін бір жүйеге бағындыру үшін жасалып жатқан қадамдар. Ал енгізілгелі отырған жаңашылдыққа, «онсыз да пайда табудан қалдық» деген кейбір кәсіпкерлер түбегейлі қарсы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Енді шотыңызға ұзақ уақыт бойы жан-жақтан онлайн ақша үздіксіз түссе, онда салықшылар сізді кәсіпкер ретінде тануы мүмкін. Ондай кезде ақшаның қайдан, кімнен, не үшін жіберлігені туралы тексеріс те жүргізілуі ықтимал.
Ал он жылдан бері Алматыдағы шағын сән салонын жалға алып, жұмыс істеп жүрген Айжан Жансерікқызы, клиенттердің мобильді қосымша арқылы аударған қаражатына салық төлеуге қарсы екенін ашық айтты. Жеке кәсіпкер ретінде онсыз да жеңілдетілген салық түрін төлеп жүргенін алға тартқан ол, пандемия басталғалы бері келушілердің де саны екі есе қысқарқанын атап өтті.
«Бұл қажет нәрсе емес. Онсыз да кішкентай ғана. Қарап отырсаң, қарапайым халықтан үкімет ақша жасайды ғой. Тапқан тиын-тебеннің өзі аренда, процентіміз бар, ЖК-міз бар төлеп отырған», — деді жеке кәсіпкер Айжан Жансерікқызы.
Ал кейбір дүкен иелері клиенттерге ыңғайлы болу үшін аударым жасауға болатын телефон нөмірлерін жазып та қояды. Бірақ, кассалық аппарат орнатпайды. Осы кезде, түбіртек бере алмайтын саудагер, өзінің тек жалдамалы сатушы екенін айтып құтылады. Енді салықшылар түбіртек бермеген кез-келген кәсіпкердің айналымдағы нақты қаражатын тексермекші. Соған сәйкес, салықтық аударымдарды да қадағалап отырмақ.
Қаржы министрлігі жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға жіберілген есеп шотты жаңылыспай айыра алатынын айтып отыр.
«Жалпы кәсіпкерлік қызметтегі аударымдар мен төлемдерді қабылдау үшін комитет бизнеске арналған бөлек шоттарды пайдалануды ұсынып отыр. Өйткені, кәсіпкерлікке арналмаған шоттарды пайдаланып, табыс алу белгілерін анықтайтын және тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу ұсынылуда. Мысалы, бір адамның күн сайын бірнеше адамнан аударымдарды ұзақ уақыт бойы алуы кәсіпкерлік қызметтің белгілері ретінде танылуы мүмкін», — деді ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Әлібек Абилов.
Қаржы министрлігі бұл өзгеріс тек кәсіпкерлерге қатысты енгізілетінін айтады. Ал жеке тұлғалардың бір-біріне жасаған аударымдары үшін салық төлеу міндеттелмейді. Жаңа жүйенің тетіктерін қазір Қаржы министрлігі екінші деңгейлі банктер мен кәсіпкерлік палатасы және бизнес қауымдастықпен бірлесіп пысықтап жатыр екен.
Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлер үшін салықты есептеу жеңілдетіліп, басқа төлемдер алынып тасталғаны хабарланды.