Үкімет басшысы карантинді жеңілдетуді тапсырды
Қазақстанда коронавирустың репродуктуктивті өсімі, яғни, вирустың бір адамнан таралу көрсеткіші айтарлықтай төмендеді
Премьер-министр Асқар Мамин карантинді жеңілдету жоспарын әзірлеуге тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде індеттен жазылып шыққандардың саны 73,6 процентті құрап отыр. Ауруханалардың жүктемесі 61 процентке, ал жедел жәрдемді шақыру көрсеткіші 62 процентке төмендеді.
«Осы нәтижелер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссияның қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын», — деді Мамин үкіметтің онлайн отырысында.
Айта кетейік, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың репродуктуктивті өсімі, яғни, вирустың бір адамнан таралу көрсеткішінің айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді. Мәселен, қатаң карантинге дейін оның деңгейі 1,15 болса, бүгінде 0,82-ге дейін түсіп отыр. Эпидемиологиялық тұрғыда осы көрсеткіш 1-ден төмен болуы керек.
11 тамыздағы жағдай бойынша Түркістан облысынан басқа барлық аймақта репродуктивті өсім 1-ден төмен. Бес аптаның ішінде 100 мың адамға шаққанда науқастардың саны да төмендеді.
«Негізгі көрсеткіштердің оң динамикасы карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдетуге болатынын көрсетіп отыр. Карантинді жеңілдеткеннен кейін де маска тағып, қоғамдық жерлерде гигиена режимін қатаң сақтау қажет. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізе беру керек», — деп атап өтті Цой.