үкімет 70 мың отбасының өтінішін қайта қарайды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазір елімізде 340 мың отбасы немесе 1 миллион 800 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алады

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Қазақстанда 70 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек бойынша берген өтініші қайта қаралады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Вице-министр кейбір отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін алаяқтыққа баратынын атап өтті.

«Әлеуметтік көмек тағайындаған кезде, біз кейбір азаматтардың табысын жасыратынын анықтадық. Егер оның нақты кірісі 300 мың немесе 200 мың теңге болса, құжатта олар 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін ғана көрсетеді. Біз қазір тұрақты мониторинг жүргізіп жатырмыз», — деді Сапарбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстары орталығы арқылы қазақстандықтардың табысын анықтай алады екен.

«Өкінішке қарай, қазір Қазақстан бойынша мұндай отбасылар саны 70 мыңға жуық. Қазір біз жергілікті органдармен бірлесіп, олардың нақты кірісін анықтау бойынша жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол.

Осы орайда Сапарбаев халық мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуі керек екеніне тағы бір мәрте тоқталды.

Тағы оқыңыз: Әкімдік 21 мың теңге алған отбасыларды сотқа беруі мүмкін

«Көмек нағыз мұқтаж адамдарға ғана берілуі керек. Егер бәріміз масыл болып кетсек, ертең болашағымыз не болады? Мемлекетіміз қалай дамиды? Сондықтан масылдық болмауы тиіс. Он екі мүшесі сау адамдар жұмыс істеуі керек. Оған барлық мүмкіндік бар», — деді вице-премьер.

Қазақстанда қанша отбасы әлеуметтік көмек алады

Сапарбаевтың мәліметінше, бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасыға, немесе 1 миллион 800 мың қазақстандыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұған республикалық бюджеттен 103 миллиард теңге бөлінген.

Нәтижесінде 37 мың қазақстандық жұмысқа орналасты, ал 6 мыңға жуығы өз кәсібін ашты.

«Әлеуметтік көмектің арқасында отбасылардың табысы, былтырғымен салыстырғанда, екі есеге өсті. Бұрын бір отбасыға бөлінген атаулы әлеуметтік көмек 30 мың теңге болса, қазір 88 мың теңгеге жетті», — деді үкімет басшысының орынбасары.



sputniknews.kz