«Үйіміз тұруға жарамсыз». Арыста ондаған тұрғын жаңа үй салуды талап етеді

0

Арыс қаласындағы Ақынбеков көшесінің тұрғыны Айтқали Әбдіровтің айтуынша, лайдан құйылған, қыштан соғылған үйінің бір қабырғасы опырылып құлаған. Құрылысшылар үйдің шатырын ашып, сылағын түсірген. Бір бөлмесінің жарылған қабырғасынан іштен қарағанда сырттан жарық түсіп тұр. Үйдің ішіндегі үйілген топырақтан аяқ алып жүру қиын. Есік пен терезе бүлінген.

«КҮНДЕ ЕРТЕҢ ДЕЙДІ»

– Жарылыстың салдарынан үйіміз осындай жағдайға түсті. «Күрделі жөндеуден өткіземіз» деді. Әуелде көндік. Дүйсенбі күні (шілденің 29-ы) құрылысшылар шатырын алып, төбесін жөндемек болды. Сол уақытта жарылған қабырға құлап, бір құрылысшы мерт бола жаздады. Содан тоқтаттық. «Жөндеуге келмейді, келіспейміз» дедік. Комиссия келіп тағы тексерді. Күтіп отырмыз, шешім әлі жоқ, – деді ол налып.

Зақымданған үйін көрсетіп тұрған Арыс тұрғыны Айтқали Әбдіров.

Зақымданған үйін көрсетіп тұрған Арыс тұрғыны Айтқали Әбдіров.

Айтқалидің көршісі зейнеткер Мейрамкүл Рсымбетова тұратын үйдің де шатыры алынған. Көршісінің үйінің қабырғасы құлаған соң құрылысшылар үйінің сылағын алмай қойған.

– Үйге кіруге қорқамыз. Іші шаң, топырақ. Күнде ертең дейді. Уәдесі де бітпейді. Әкімдікке де шағымдандық. Нәтиже жоқ. Күйеуім осыдан күйіп кетті. Күнде ауру, – дейді зейнеткер.

Арыс тұрғыны Мейрамкүл Рсымбетова. Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Арыс тұрғыны Мейрамкүл Рсымбетова. Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Ақынбеков көшесінің бойында құлатылған ескі үйлердің орнына жаңадан бірнеше үй салынып жатыр. Құрылыс басында үй жиһаздары, тұрмыстық техника мен көрпе-төсек жинаулы тұр. Кейбір тұрғын ашық-шашық қалған дүние-мүлкін қалың матамен орап тастаған.

Зейнеткер Ұлбазар Исабаеваның сегіз адамға пана болған үйі құлатылған. Екі немересін лагерге жіберген. Үш немересі келінімен төркінінде жүр. Өзі баласымен бірге жаңадан салынып жатқан үйінің жанындағы лашықта күнелтіп отыр.

– Бір ай болды далада жатырмыз. Жарылыстан қашып, бір аптадан соң үйге келдік. Үйіміз жарылып, төбесі құлайын деп тұр екен. Ішке кіруге қорықтық. Жаман қиналдық. Комиссия бірнеше рет келіп, кейіннен сүріп тастап, жаңадан үй сала бастады. Міне, көтеріп қойды. Қашан бітетінін білмейміз. Өлместің күнін көріп жүрміз, – дейді құрылысы жүріп жатқан үйдің жанында киім-кешегін жинап отырған әйел.

Арыс тұрғыны Ұлбазар Исабаева үй құрылысы қашан аяқталатынын білмейміз дейді. 1 тамыз 2019 жыл.

Арыс тұрғыны Ұлбазар Исабаева үй құрылысы қашан аяқталатынын білмейміз дейді. 1 тамыз 2019 жыл.

«ҮЙ ЖӨНДЕУ ҮШІН ӨЛУ КЕРЕК БОЛСА ӨЛЕМІН»

Момынов көшесінің тұрғыны Мұрат Әбдіжаппаровтың үйінің қабырғасы жарылыс кезінде төрт жерінен жарылған. Құрылысшылар шатырын алған соң жарылған жері үлкейген. Жөндеуді тоқтатып, жаңа үй салып беруді талап етеді.

– Үйіміз тұруға жарамсыз. Апатты жағдайда тұр. Мынадай ыстықта әбіржіп кеттік. Өз үйімізді қайта жөндету үшін Астанадағы балалар сияқты өлу керек пе? (Нұр-Сұлтан қаласында бір үйдің бес баласы өртеніп өлген оқиғаны айтады – ред.) Сол кезде істей ме? Ол үйді несие алып соққам. Қайтадан кредит алып үй соға алмаймын. Онсыз да кредитке батып отырмын. Сол үйді істеу үшін жанып өлу керек болса, өлемін, – дейді ол ашынып.

Мұрат Әбдіжапаров әскери қойма жарылғанда бүлінген үйін көрсетіп тұр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл

Мұрат Әбдіжапаров әскери қойма жарылғанда бүлінген үйін көрсетіп тұр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл

Әкімдікке сенімі таусылғанын айтқан Мұрат созбалаққа салынған құрылысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қадағалауын, жарылыстан зақымданған үйін қалыпқа келтіруін сұрады. Үйінің бірнеше бөлмесі жарылып, төбесі қисайып қалғанын айтқан жалғызбасты ана Малика Әбдіғаппарова да «апатты жағдайға түскен үйімнің бір шегесі қағылмады» деп қапалы.

– Егер жөндеуге келетін болса, бұлай далада аунап жатпайтын едік. «Жамап береміз» дейді. Жамауға келіспейміз, – дейді зейнеткер.

Жарылыс салдарынан қабырғасы екіге жарылған Малика Әбдіғаппарованың үйі. 1 тамыз 2019 жыл.

Жарылыс салдарынан қабырғасы екіге жарылған Малика Әбдіғаппарованың үйі. 1 тамыз 2019 жыл.

Мұрат Әбдіжаппаров пен Малика Әбдіғаппарованың үйінің құрылысы тоқтап тұрғанын әкімдік пен сарапшылар жоққа шығармайды. Екі тұрғынның да үй жағдайымен танысқан құрылыс сарапшысы Жеңіс Аязбаев бірінің үйін жөндеу туралы шешім шыққанын, екіншісінің үйін құлату мәселесі қаралып жатқанын айтты.

– Мұрат Әбдіжаппаров үйін қалпына келтіруге келіскен. Үйінің шатырын шешіп алған соң ішке кіргізбей қойды. Жұмыс содан тоқтап тұр. Сүруге жіберуді сұрады. Жарықтың көлемі 3-5 сантиметр болса, ол жөндеуге келеді. Егер үйдің сылағын түсірген соң жарықтың көлемі бес сантиметрден көп болса, қайта сараптамаға жібереміз, – дейді Жеңіс Аязбаев.

Әскери қойма жарылғанда бүлінген тұрғын үй. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Әскери қойма жарылғанда бүлінген тұрғын үй. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Ондаған үйді сараптамадан өткізген Жеңіс Аязбаев Арыстағы үйлердің басым бөлігі лайдан құйылған кірпіштен салынғанын айтады. Үйлердің көбінің іргетасы жердің үстінде тұр. Жерге кіргізіп құйылмаған. Оның сөзінше, жарылған үйдің көптігі – осыдан.

– Бұл үйлерді кім, қалай пайдалануға рұқсат бергенін түсінбеймін. Қазір 50 шақты үй сүруге кете ме, әлде жөнделе ме, мәселе болып тұр, – деді сарапшы.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтің Азаттыққа айтуынша, Арыста жөндеуді қажет ететін үйлердің шатыры жабылып, есігі салынған. Тек ішкі жөндеу жұмыстары қалған. Оны бір аптада бітіру жоспарланған. 417 үйді түгелдей құлатып, орнына жаңадан үй салу туралы шешім шыққан. Оның төртеуі салынып бітсе, 267 үйдің құрылысы басталған.

Әскери қойма жарылғанда бүлінген тұрғын үй. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

Әскери қойма жарылғанда бүлінген тұрғын үй. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 1 тамыз 2019 жыл.

– 46 үйдің иесі үйін жөндеуге келіспей отыр. Олармен түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Жөндеу жұмысына көңілі толмай жатқан адамдар да бар. Құрылысшылар жеткілікті. Олардың саны сегіз жарым мыңнан асты, – дейді шенеунік.

Бұған дейін жергілікті билік тамыздың 1-іне дейін жарылыс кезінде бұзылған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады деп мәлімдеген еді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Арыста 8635 ғимарат бар. Маусым айындағы әскери қойма жарылған оқиға кезінде снаряд түсіп бүлінген 7198 ғимаратты жөндеу қажет болған. 6059 үйдің шатыры жабылып, есік-терезесі жаңадан салынған. Қаладағы 66 әлеуметтік нысанның 62-сі бүлінген. Оның төртеуі жөндеуге жарамсыз болып, құлатылған. Бүлінген әлеуметтік нысандардың бір де бірінің құрылысы аяқталмаған.

ВИДЕО: Арыстықтар құрылыс жұмыстары туралы: «Күнде ертең дейді» (1 тамыз 2019 жыл).

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз