«Үйі жоқ»: Нұрлан имам желіде өзіне қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді (видео)

0
73

Танымал имам, дін­тану­шы, теолог, психолог Нұрлан Байжі­гіт­ұлы әлеуметтік желіде өзіне қатысты тараған ақпаратқа пікір білдірді. Ол желіде өзіне ақша жинап, үй алып бермекші болғандардың ісіне қарсылық білдіріп, Алланың үйі өзіне пана екенін айтты, деп жазады Kznews.kz  тілшісі.

Имам бұл жайлы Instagram парақшасында мәлім етті. «Ең бірінші ғаламторда менің біраз уақыт бұрын берген сұхбатым тарап жүр. Яғни, менің үйім жоқтығы жайлы. Түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Құдайға шүкір, ата-анамның жақсы үйі бар. Менің өз басым мешітте тұратыным — ақиқат. Бірақ, мен ақша жинап, үй алып беру туралы сөз көтеріп жүргендерге мүлде қарсымын. Қажет емес. Сондықтан қордағы мұқтаж адамдардың видеосын салып қойдым. Сол адамдарға үй алып беріңіздер. Аллаға шүкір, Алланың үйі — маған пана. Сондықтан жазғандарыңызды көріп жатырмын, бірақ қажет емес. Бұл сөзді көтере берсек, жақсылыққа алып келмейді. Алла разы болсын», — деді Нұрлан имам видеода. Сонымен қатар имам өзіне үй алуға ақша жинауға қатысты желіде тараған ақпараттарға сенбеуге шақырды. «Шүкір, елім, жомарт халқым бар. Менің баспана туралы көп уақыт бұрын айтылған сөздерім біраз таралымда жүр екен. Қазір өзі не айтсақ та қиым болып, бөлшектеніп тұрған сәт. Сондықтан «ақша жинайық», «қор ашайық» деген қосымша ақпараттарға сенбеңіздер. Елім барда мен далада емеспін», — деді Нұрлан имам.