Ұйғыр ауданы – саяси атау, ауданының атын ауыстыру екі адамның қолында тұр – Б.Беделхан

0
213
Advertisement

Nege.kz сайтына сұхбат берген ақын Бақыт Беделхан осылай деді.

«Ұйғыр ауданы – саяси атау. Ол тарихи атау емес. 1934 жылы қазақтың жерінде әртүрлі нәубет, ашаршылық болды. Сол кезде қазақ саны азайып, балапан басына тұрымтай тұсына кеткен кезде ұйғыр ағайындар үшін Ұйғыр ауданы деген атауды берген. Бір жылдары Панфиловқа қосылып, Панфилов ауданы болып аталды. Кейін қайтадан Ұйғыр ауданы болып бөлінді.

Сол кезде қазақ санының азаюы себепкер болған шығар, әлде жоғары жақтағы саяси ұйғарымдар әсер етті ме, ол жағы түсініксіз. Бәрібір екі ұлттың арасындағы тепе-теңдік сақталуы керек. Қазақ пен ұйғыр бір ғасырдан бері құда-жекжат, ағайын-туыс, жора-жолдас болып араласып кеткен. Кейінгі кездері жастардың арасындағы түсінбеушілік іріткі салып отыр.

Қасыма біраз журналистерді ертіп, қаламгерлерді алып, Жазушылар одағының атынан аудан әкімінің аппаратымен ресми кездесуге қатыстым. Бір жарым сағаттай жиын болды. Жиында барлығы айтылды. Аудан атауын өзгерту де сөз болды. Сол кезде мен: «Ұйғыр ауданының атын өзгерту ұйғыр мен қазақтың төбелесіп, қырқысуымен шешілмейді. Оны жоғары жақтағы екі-ақ адам шешеді», – дегенмін.

Ол – мемлекеттегі бірінші және екінші адамның қолында. Себебі, бұл – геосаяси аймақ. Ол жердің ұлтаралық мәселесі бар. Өзгертем десе, баяғыда-ақ өзгерте салатын еді.

Былай қарағанда, «Қарадала» деп өзгертсе де түк те емес, ештеңесі кетпейді. Қарадала болып қалуы керек. Себебі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» дейтін бағдрламалары бар. Соның ішінде, қазақтың тарихи атауларын қайта қалпына келтіруіміз керек дейді. Енді осы жерде тарихи атауы тұр ғой. Бер жағы Бұғытыдан арғы жағы Қалжатқа дейін алып жатыр. Мына жағы тау, төменгі жағы – Іле. Ол үлкен аймақ. Соның «Ұлы дала» деген аты қалуы керек. Ұлы дала біздің Жетісу өңірінде ғана емес, еліміздің төрт аймағында да бар. Сондықтан, бұл атауды қайтаруға міндеттіміз.

Ел басқарып, облыстың басшысы болғаннан кейін бір жауап беруі керек. Бірақ оны облыс шешпейді. Облыс әкімі уәде бермеді, «ұсыныс жасаймын» деді. Уәдені орындайтын адам береді. Ұсыныс жасап, өтініш айтып көретін адамдікі – уәде емес. Ауыстырам десе, айтылып жатқан сылтаулардың ешқайсысы кедергі емес деп ойлаймын.

Мен де сол жердің тумасымын. Қазақ-ұйғыр бірге өстік. Қазір Жазушылар одағындамын. Жазушылар одағында ұйғыр секциясы бар. Сол ұйғыр секциясында тек кәрілер қалды да, жастардан ешкім жоқ. «Жастардың руханиятқа бұрылуына неге әсер етпейсіздер?», – деп те айтқанбыз. Жастарды мәдениетке, әдебиетке жалпы бейбітшілікке, өнерге талпындырса, ондай шатақ шықпайтын еді.

Шындығына келгенде, тұрмыстық жағынан қазақтарға қарағанда, ұйғырлар жақсы тұрады. Себебі, олар көзін ашқаннан сауда-саттықпен айналысады, баяғыдан қанында бар.  Бәрінің ауыздарынан ақ май ақпаса да, ешкімнен кем түспейтін күйлері бар. Тағы бір мәселе, ол жақтағы қазақтардың саны азайып бара жатыр. Бәрі қалаға көшуге асығады.

Қызығы мынада: ұйғыр үйін сатса, қазаққа сатпайды. Себебі, жерді алып қалу керек. Қазақ үйін сатса, екі есе бағасына екі-үш ұйғыр жабылып сатып алады. Бұл – өте қауіпті жағдай. Тепе-теңдікті ұстап тұрған қазақты ығыстыру.

Әлбетте, ол әр азаматтың өзінің құқығы. Бұл жерден саяси астар іздей алмайсың. Олардың өздерінің шешімі бар, мақсат-мұраттары бар, діттегендері бар, ұлт ретінде олардың да жоба-жоспарлары бар. Бірақ, соны біздің кейбір қазақтар түсіне бермейді. Ертең ығыстырып шығарады, одан кейін төбелескеннен не пайда?» деді Бақыт Беделхан.

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз