«Үйге кіре алмай жүрміз». Арыста тағы жарылыс

0
47

«ҮЙ ҚИМЫЛДАДЫ»

Шілденің 5-і күні түстен кейін әскери қоймада снаряд жарылған кезде Арыс тұрғыны Нұрлан Күзембаев үйін жөндеп жатқан екен. Азаттық тілшісіне болған жайтты ол былай баяндады:

– Бір-бірінің артынан жарылыс болды. Арасы 25-30 секунд. Екіншісі қатты болды. Жүрегіміз шайлығып қалғандықтан бала-шағамызбен бірге далаға атып шықтық. Әскери қойма жақтан түтін шыққанын көрдік. Бізде жел қатты болып жатыр. Ана түтінді алып кетті. Үй қимылдады. Вибрация берді. Әйнек сықырлады, – деді тұрғын.

Ол қалада көлігі бар кейбір азаматтардың құжаттарын жинап, қаладан кеткенін де көрген.

– Көршілеріміздің бірі әскери бөлімге барып келді. Ол жерде бақылау- өткізу пункті бар ғой. Ол жерге барса «бәрі тыныш, қорқатын ештеңе жоқ. Арнайы жарылыс жасап жатырмыз» деген. Бірақ егер олай болса, алдын ала ескерту болатын еді. Ондай жағдайда міндетті түрде айтуы керек еді. Бірақ ешкім ештеңе деп айтқан жоқ. Соған қарағанда арнайы жарылыс болмаған сияқты, – деді Нұрлан Күзембаев Азаттық тілшісіне.

Жарылыстан соң қалаға алғаш рет маусымның 28-і күні келгенін айтқан тұрғын содан бері осыған ұқсас бірнеше рет жарылыс болғанын айтады. Ол әзірге барлық отбасы мүшелерін қалаға алып келмегенін, арыстықтардың көбі қалаға оралмағанын айтты.

Есімін Ақжарқын деп таныстырған қала тұрғыны шілденің 5-і күнгі жарылысты ести сала қаладан қашқанын, әскерилердің оларды «сабырға шақырып» тоқтатқанын айтты.

– Қала сыртында палатка құрған әскерилер болды. Олар бізге «болды, сабыр сақтаңыздар, қайтыңыздар. Қорықпаңыздар» деді. Бірақ бәрібір қойма жақтан түтін шығып жатты. Өзім кетіп бара жатқан көліктердің біріне мініп алған едім. Әскерилер сөзінен қарамастан біраз машина қаладан шығып кетті, біразы қалды. Кейбірі қала сыртындағы дендропарк алдына барып тоқтап, топ-топ болып тұрды, – дейді ол.

Ол қалаға қайтса да, жағдайға алаңдап үйіне кіре алмай, көшеде жүргенін айтты. «Білмейміз енді, демалайық десек, үйімізге кіре алмай жүрміз» дейді тұрғын.

Әскери қоймаға жақын жерде тұратын қала тұрғыны Әйгерім Көкежанова Азаттық тілшісіне түстен кейін бірнеше жарылысты естігенін, қаланың басқа бөлігінде тұратын әке-шешесінің үйіне қашып барғанын айтты.

– Үйіміз қирап қалғандықтан жұмысшылар келген болатын. Соларға тамақ жасап берейін деп жүргем. Атылғаннан кейін көршілерімізбен бірге бәріміз қорқып қаштық. Төрт балам бар. Бұл жаққа бір баламды ғана әкелген едім. Күйеуім баламды алып қашты. Қаланың басқа бөлігінде Стадион деген жер бар. Сол жердегі әке-шешемнің үйіндеміз қазір, – деді Әйгерім Көкежанова.

«БІР-ЕКІ СНАРЯД ЖАРЫЛҒАН»

Түркістан облыстық төтенше жағдай департаменті шілденің 5-і күні әскери қоймада «бір-екі снарядтың жарылғанын» растады.

– Әскери қоймада қалып қалған бір-екі снаряд жарылған. Тұрғындарға еш қауіп жоқ. Ешкім зардап шекпеді. Қала тұрғындары басқа жаққа көшіріліп жатыр деген ақпарат расталмады, – деді департамент өкілі Әуезхан Бердалиев Азаттық тілшісіне.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі шілденің 5-і күні арнайы мәлімдеме таратты. Министрліктің хабарлауынша, «инженер-саперлар қойманың дәл алдындағы аумақты оқ-дәрі қалдықтарынан тазалап жүргенде бір оқ-дәрі жарылып, артынша өрт тұтанған».

«Әскери өрт сөндірушілер өртті сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Жергілікті тұрғындарға еш қауіп жоқ» делінген министрлік хабарламасында.

Бұған дейін қорғаныс министрлігі Арыс қаласындағы әскери қоймадағы «қару-жарақтың басқа жаққа көшіріле бастағанын» хабарлаған еді. Бірақ министрлік нақты қай аумаққа тасымалданатынын айтпаған.

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.

27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ертеңіне, 28 маусымда Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Билік жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған деп хабарлаған.

2014 жылы Арыстағы «Қазақжарылысөнеркәсібі» акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.

Azattyq