Үйден жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысы өзгере ме – министр жауабы

0

Нұрымбетов жұмыс берушілер, егер мүмкіндік болса, қарамағындағы қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге рұқсат етуі тиіс екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы қысқармайды, сол күйінде қалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінгі таңда барлық кәсіпорын мен мекеме, егер де қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, онда сол режимге көшуге міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан кезде, еңбекақыны төлеу тәртібі өзгермейді», – деді Нұрымбетов астанада өткен брифингте.

Министр қазақстандықтың төтенше жағдай режимі кезінде үйден жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Жұмыс беруші заңнамаға сәйкес қызметкеріне жағдай жасауға міндетті.

«Жалақысы да атқарылған жұмысына сай ай сайын алып жүрген мөлшерде төленеді», – деп түсіндірді министр.

Нұрымбетов жұмыс берушілерді қызметкерлері алдында әлеуметтік жауапкершілік танытып, еңбек заңын толығымен сақтауға шақырды.

Тағы оқыңыз: Төтенше жағдайдың алғашқы күні: Алматыда не болып жатыр

Сонымен қатар, министр қысқартылған жұмыс күніне де тоқталды. Айтуынша, жұмыс берушілер өз бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Бұл дегеніміз бір аптадағы жұмыс күндерінің саны азаяды немесе бір күндегі жұмыс сағаты қысқарады. Я болмаса, жұмыс күнімен бірге сағаты да азаюы мүмкін.

«Егер жұмыс күні аптасына бес күннен үш күнге дейін қысқарса, онда азаматтар үш күндік жалақысын алады. Егер бір күнде сегіз сағаттың орнына төрт сағат жұмыс істесе, онда сол төрт сағаттың айлығы төленеді», – деді Нұрымбетов.

Толық емес жұмыс күні Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз