«Үйден шықпағанды көрсетеміз». Шымкентте әйел күйеу балаларының анасына не істегенін айтып берді

0

Шымкентте 71 жастағы кейуананы туған қыздары көкала қойдай сабаған. Бірақ сабады деген қыздарының бірі  мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Қолы сынып, дене жарақатын алған әжей олардың көздегені басымдағы баспана дейді. Әлеуметтік желіні шулатқан бұл дау полицияның назарына ілікті. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнежазба дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Қария марқұм күйеуіммен бірге балаларымыз үшін деп тірнектеп тұрғызған баспана, қыздарымның көз құрты болар деп ойламадым дейді. Желіні шулатқан жағдай желтоқсан айында болғанын айтты.

Алтынкүл АСҚАРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осымен төртінші мәрте келді. Бұрын келгенде бүйтіп жара қылған жоқ. Бірақ сөйлеп-сөйлеп сөзбен мені жерге тығып кететін. Есіктерді тақылдатып-тақылдатып. Онда үндеген жоқпын, қойшы бәле қумай- ақ қояйын деп.

Жеті құрсақ көтерген кейуананың қазір бір ұл, үш қызы бар. Даудың басы, кенже қызы бақилық болған соң басталған. Марқұм қызы мен күйеу баласына зейнеткер баспанасын аударып беріпті. Тағы бір қызы сол күні анасының қасында болғанын жеткізді.

Зағипа АСҚАРОВА, КЕЙУАНАНЫҢ ҚЫЗЫ: Екеуі маған жабылып, екеуі мамама жабылып, ақырында мамам мені ажыратайын деп жатыр ғой ана қыздардан кейін. Сөйтіп еді екі күйеу баласы екі қолынан сүйреп, «үйден шықпағанды көрсетеміз» деп, екі қызы арқасынан біреуі итеріп, теуіп, біреуі шашынан. +Үйді сату керек. Бұлар жан жақты ақшаны бөлісіп алуы керек боп тұр ғой қазір.

Алтынкүл әжейдің айтуынша, 2018 жылы, пәтер жалдап жүрген кенжесі өтініп қоймағасын отбасымен қолына алыпты. Көп өтпей қызы мен күйеу баласы нотариустың алдында бір құжатқа қол қойдырғанын айтады. Бірақ ол «үйді сатып- сатып алу» құжаты екенін білмедім деп отыр. Арада он күн өткенде кенеттен қызы қайтыс болған. Ал қырқын өткізе салысымен күйеу балам үйді босат деген талап қойды деді. Іс Жоғарғы сотқа дейін жеткенмен, кейуананың пайдасына шешілмеген. Өйткені құжат бойынша әжей үйін 10 млн теңгеге сатқан-мыс. Бір аптадан бері осы істі қолына алған адвокат Еркін Қахаров бұл жерде бір шикілік барына сенімді.

Еркін ҚАХАРОВ, АДВОКАТ: Біз шоттарын тексердік. Ешқандай шоттарында 10 млн жоқ. Оның айлығы ол ақшаға жетпейді, менің ойымша. Бірақ нотариустың алдында 10 млн ақшаны ешкім ешкімге берген жоқ. Менің ойымша бұл қателік бұл кісінің қателігі, аналардың да қателігі. Бірақ соттың шешімі менің ойымша …ол шешім заңды шешім, бұл кісіден алып қою үйді. Бірақ әділдіксіз. Орысшалап айтқанда это решение законное, но несправедливое.

Алайда, анасын ұрып, қолын сындырды деген қос қыздың бірі болған жәйттің бәрін жоққа шығарып отыр. Телефон арқылы сұқбат берген ол мұның бәрі анамның жанында жүрген әпкемнің ұйымдастырғаны деп қосты.

Бағила, КЕЙУАНАНЫҢ ҚЫЗЫ: Істемегенімізді істеді деп жала жауып жатыр ғой бізге. Ол өтірік айтып жатыр. Зағипаның мамамды үйретіп қойғаны ғой, сөйтіп айтыңыз деп. Ол жерде ешкімнің қолы тиген жоқ шешемізге. Төртеумізді де күйеуімізбен қуып шықты ғой Зағипа. Біз кетіп қалғанбыз үндемей. Сол кезде айқайлап есіктің бәрін жауып алған кіргізбей. Үйге кіргізбейм деп. Сол кезде анам екеуі тұрған есіктің алдында да, сол кезде қысып қалды ма?..біз білмейміз. Біз кетіп қалғанбыз.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. «Денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру»бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Дінмұхамед БАЙМАХАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ АБАЙ АПБ ТЕРГЕУШІСІ: Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осы баптың бөлігі 1 мың АЕК –ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не 600  сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға көздейді.

Айта кетейін, әжейге тегін қызмет көрсетіп отырған адвокат бұған дейінгі соттарда Алтынкүл Асқарованың ұтылатынын біле тұра миллиондап ақша алған заң өкілдерін де жауапқа тартуды көздеп отыр.