«Үйде отыру керек»: Отандық миллионерлер карантинді қалай өткізіп жатыр? — Қазақстан жаңалықтары

0

Stan.kz тілшісі отандық бірнеше бай-бағланға хабарласып, карантин кезінде немен айналысып жатқандығын анықтамақ болды. Алайда біз хабарласқан 10 шақты кәсіпкердің ішінде тек бірең-сараңы ғана жауап берді. Арманжан Байтасов пен Қайрат Құдайберген карантин кезінде атқарған жұмыстарымен бөлісіп, өз ұсыныстарын да айтты.

Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қайрат Құдайберген мұқтаж жандарға көмек берумен айналысып жатқанын айтады.

«Қазіргі уақытта көмекке зәру адамдарға, соның ішінде қарттарға көмек көрсету мәселесімен айналысып жатырмыз. Осы мақсатта мемлекеттен жеті миллион теңге бөлінді», — дейді ол. Айтуынша, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру бағытында қазір жұмыстар жүргізілуде.

Кәсіпкер халықты үйде отырып, ешқайда шықпауға шақырды.

«Карантин уақытында адамдар білімін жетілдіруге жұмсау керек. Үйде отырған соң бос отырмай, фильм, теледидар қарағанша, кітаптар оқысын. Еуропада адамдар жылына 14-16-ға дейін кітап оқыса, Ресейде он кітапқа дейін, ал Қазақстанда бірден-үш кітапқа дейін оқиды екен. Карантин уақытында халық кітап оқумен айналысса, нұр үстіне нұр болар», — дейді кәсіпкер.

Қайрат Құдайбергеннің айтуынша, карантин уақытында бұлжытпай үйде отыру ережесін ұстану керек. 

«Карантинді мемлекет бостан-босқа жарияламайды ғой. Көмек беру тобына тіркелмеген болсаң, үйде отыру керек», — дейді ол.

Қоғамның кейбір мүшелері карантинде ауылға кетіп қалып жатқанына қатысты кәсіпкер былай дейді:

«Ауылға барған жақсы шығар, туыстармен араласасың, бірақ дәл қазір карантинде үйде отыру керек. Себебі Италия карантиннің таралуы бойынша бірінші орынға шығып, айтылған сөздерге қарамай, өздерінің италиялық темпераментіне қарай уақыт өткізіп, кафеде отырып, қыдырып жүре берген. Сол себепті көм адам зардап шекті. Демек айтылған ұсыныстар мен талаптарды орындап, сақтау қажет», — деп қорытындылады ол. 

Қазақстандық танымал кәсіпкер, бірқатар тәуелсіз БАҚ-тың негізін қалаушы мен мейрамханалар желісінің иесі Арманжан Байтасов карантин жариялаудың дұрыс шешім болғанын айтты. Кәсіпкер карантин уақытында барлық жұмыстарын қашықтан істеп жатқанын жеткізді.

«Карантин жариялауды дұрыс шешім деп есептеймін. Бұл өте тиімді. Жұмысты қашықтан  істеймін», — дейді кәсіпкер.

Біз хабарласқан басқа кәсіпкерлер — Марғұлан Сейсембай, Айдын Рахымбаев — жолдаған сауалдарымызға жауап бермеді. 

stan.kz