Ұялы телефонның несиесін төлемеген отбасы баспанасыз қалды
Үй иесі танысына несие алып берген екен, салдарынан бүкіл отбасы далада қалды
АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik. Киев облысында ұялы телефон үшін несие алып, төлемегені үшін отбасының үш бөлмелі пәтері тәркіленді.
Пәтер иесі 2006 жылы танысына кредит алып беріпті. Сол кезде банкке 3 100 гривна қарыз болыпты (42 мың теңгедей), деп жазады politeka.net.
Алайда он жылдан кейін атқарушы қызмет өкілдері келіп, пәтердің сатылымынан түскен ақшаны аударуға банк реквизиттерін беруді сұрайды.
Әйел адамның сол кезде ғана бар шындыққа көзі жетеді. Танысы кредитті мүлдем төлемей қойған соң, әйелдің қарызы сотқа беріліп, пәтері сатылымға шығарылған екен. 2014 жылдан бергі борышы 39 мың гривна (530 мың теңге) болыпты.
«Оған сеніп, несие төлеп жүргенін тексермеп еді. Бұл өзімнің тағы бір қателігім болды», — дейді әйел.
Он жыл бойы қарызы арта берсе де, банктен ешкім хабарласпаған. Сот хабарламасы қате мекенжайға жіберіліпті. Сөйтіп, сот шешімі күшіне енгеннен кейін атқарушы қызмет өкілдері мүлікті электронды түрде сатып, пәтерді сырттай 800 мың гривнаға (10,8 миллион теңге) бағалаған. Негізінде баспананың шынайы құны бір миллион гривнадан асады екен.
Белгілі болғандай, әйел адам пәтердің сатылымынан 400 мың гривна (5,4 миллион теңге) алды. Бірақ енді сотқа апелляциялық шағым түсірмек.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/