«Үй ұтып алу мүмкіндігі бар»: Ләйлә Сұлтанқызы алаяқтарға алданған әжейдің оқиғасын баяндады
Отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы бір жыл бойы алаяқтарға алданып келген таныс әжейі туралы сөз қозғады. Ол Instagram желісіндегі парақшасында оқырманды аталған байқауды ұйымдастырған алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.
Ләйлә Сұлтанқызы әжейдің бір жыл бойы алаяқтарға 70 мың — 150 мың теңге ақша салып жүргенін алға тартты. «Таныс апам бала-шағасына айтпай, 1 жыл көлемінде бір компанияға арасында 70 000-150 000-200 000-дап ақша салып жүріпті. «Үй ұтып алу мүмкіндігі бар» деп арбаған.
Соған неше түрлі кішкентай (үтік, ыдыс-аяқ) тауарлар алыпты. Осыдан шамамен 2 апта бұрын әлгі компанияның өкілі хабарласып, «сіз үй ұтып алдыңыз» деп, құрылысы мықты 4 бөлмелі үйдің видеосын жіберген ғой. «Әй, осыған дейін қайда болдыңдар?» десе, «компанияның бастығы өліп қалып, банкрот болды. Соны жаңа бастық сатып алып, байқауды қайта жасап жатыр» депті.
Ой, бұл бергі жағы. Бір кезде не аты, не заты жоқ ауызекі тілде жазылған «келісімшарт» жіберген. Ол жерде әлгі пәтер 70 000 000 тұратыны, 10% салық төлеу керек екені, ол салықты компания өзі төлейді, тек 232450 теңге жетпей тұрғаны жазылған. Оны ұтып алған адам төлеу керек екен», — дейді ол.
Тележүргізушінің сөзінше, әжей балаларының «өтірік» деген сөзін тыңдамай, ақша аударуды жалғастыра берген. Апа балаларының «өтірік» деген сөзін тыңдамай, тағы ақша аударды. Бір жағынан ол кісіні де түсінуге болады. Жасы 76 да, біреу хабарласып, «апа, үй ұттыңыз. Астанаға келесіз, билетін өзіміз алып береміз» деп әбден іші-бауырына кірген.
Оның үстіне менеджердің аты Ислам болса… Енді не үй, не ақша жоқ. Бірақ, апа әлі сенеді. Ауылда бәріміздің аға-жеңге, апа-жезде, ата-әжеміз бар ғой. Бір хабарласып, хал сұрап қойсаңыздар екен. Бұл оқиғаны да бөлісейік. Біреудің ақшасы қалтасында қалар бәлкім…», — дейді ол.