«Үй кезегінің жылжымайтынына наразы» әйелдер және жаңаөзендіктердің үндеуі

0

АЙМАҚ БАСЫЛЫМДАРЫ ҰШАҚ АПАТЫ ЖАЙЛЫ НЕ ЖАЗДЫ?

Осы аптада аймақ басылымдарының барлығы дерлік желтоқсанның 27-і күні Алматы әуежайы маңында болған ұшақ апаты туралы жазып, апатқа байланысты түрлі дерек келтірді.

«Уральская неделя» басылымы жалпыұлттық аза тұту күні Оралда белсенділер қала орталығындағы алаңға келіп, шырақ жағып, гүл қойып, ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алғанын жазды.

Қазақстанның оңтүстігінен ақпарат тарататын Otyrar TV телеарнасы апатқа байланысты жұмысы уақытша тоқтаған Bek Air компаниясынан билет сатып алған жолаушылардың Шымкенттен ұша алмай отырғанын хабарлады. Компания өкілдері жолаушыларға бір тәуліктің ішінде ақшаларын қайтаруға уәде берген. Ал жолаушылар басқа билет таба алмай отыр.

Bek Air компаниясы жұмысының уақытша тоқтатылуына байланысты желтоқсанның 27-31 күндері аралығында әуе компанияның жүзге тарта рейсі тоқтаған.

Ақтаудағы Lada.kz сайты Ақтау тұрғыны Асхат Өтеповтің желтоқсанның 27-і күні таңертең сол ұшақпен Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шығуы тиіс болғанын, бірақ ұйықтап қалып, рейстен кешігіп қалғанын жазған. Оның сатып алған билеті интернетте жарияланды.

Sputnik сайтына сілтеме жасаған атыраулық Диапазон басылымы екінші ұшқыш Міржан Молдақұловтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарағанын, бірақ ішкі істер министрлігінің ақпаратты растамағанын жазды. Бұған дейін дәрігерлер екінші ұшқыштың бел омыртқасына күрделі операция жасалғанын айтып, оның жағдайы ауыр, бірақ қалыпты деген. Апаттан зардап шеккен бортсерік есін жиған. Ол полиция мен авиақауіпсіздік қызметі мамандарына жауап беріп те үлгерген. Апаттан бортсеріктің бас-сүйегі жараланған.

Pаvon.kz сайты апаттан қаза болған 12 адамның бірі 21 жастағы студенттің Павлодар облысының тумасы екенін хабарлады.

«ШЫНДЫҚ ЖОҚ». ӘКІМДІК БАРҒАН АШУЛЫ ӘЙЕЛДЕР

Otyrar TV арнасының хабарлауынша, 26 желтоқсанда Шымкентте бір топ әйел әкімдік алдына жиналып, жергілікті билік өкілдерінен баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен. Қолдарына «Шындық жоқ» деген жазуы бар плакат ұстаған әйелдер, әсіресе баспана кезегінің жылжымай жатқанына қатты назаланған. Олардың кейбірі баспана кезегінің «жұмбақ жағдайда» өзгеріп жатқанын байқағанын айтып, билік өкілдерін «айла-шарғы жасады» деп айыптаған.

«Мен 2019 жылы қыркүйек айында кезегімді тексергем. Тек өзімдікін ғана емес… Жалғыз басты ана деп айтылған кезекте тұрған әйелдердің бірі кенеттен көп балалы ана болып, үш мың орынға бірден жылжыған. Ал менің алдымда кенеттен бес адам пайда болған. Енді мен қазір кезекте 545-болып тұрмын» деді Динара Насырова.

Ашулы әйелдер «ақшасыз кезек жылжымайтынын» айтып, баспананың әділ үлестірілмейтінін шағынған. «Бұлар — бір ай бұрын баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп, әкім қабылдауына кіре алмай, әкімдікте қонып шыққан әйелдер» деп еске салады арна. Қала әкімі Ерлан Айтаханов желтоқсанның 26-сы күні әкімдікте болмаған. Сол себепті әйелдердің алдына қалалық баспана және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұров шыққан. Ол «әкімдіктің жақын арада тағы 450 отбасына баспана берілетінін» айтып, әйелдерді сабырға шақыруға тырысқан.

Әбдінұровтың айтуынша, Шымкентте баспана алу бойынша электронды кезекте алты категория бойынша 41 мың адам тұр. Ол «жұмбақ жағдайда кезек өзгерді» деген әйелдердің айтқан күдігін жоққа шығарып, «бұл дерек қоры ашық әрі электронды түрде болғандықтан оны өзгерту мүмкін емес» деген.

АПАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТОҚАЕВҚА ҮНДЕУІ

Lada.kz сайтының жазуынша, Жаңаөзенде Шаңырақ шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлерде тұратын бір топ адам президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа онлайн-мәлімдеме жасап, баспана мәселесін шешіп беруді сұраған. Олардың айтуынша, бір жыл бұрын өздері тұрып жатқан екі тұрғын үй апатты жағдайда деп танылып, олар әкімдік шешімімен басқа аудандарға көшірілген.

Жақында ғана бұл үйлердің уақытша баспана екенін білген тұрғындар баспанасыз қаламыз ба деп қорқады. Олар Тоқаевтан жаңа үйлерін жекешелендіруге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Сөздеріне қарағанда жергілікті билік басым бөлігі зейнеткерлерден құралған топқа ақша жинап, несиеге үй алуға кеңес берген. «Бірақ зейнет жасында ақша жинауға шамамыз жоқ» деп шағымданады тұрғындар.

Олар «билік арнайы заңға өзгеріс енгізіп, жалғыз үйі апатты деп танылған тұрғындарға берілген баспананы жекешелендіруге мүмкіндік берілсін» дейді. Тұрғындар Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі де ушығып тұрғанын айтып, балаларының жұмыс таба алмай отырғанын, өздігінен баспана алуға шамасы жетпейтінін де жеткізген.

«N43 және N59 үйлерде негізінен қарт адамдар тұрады. Жастарға жұмыс жоқ. Біз қалайша жаңа баспанаға ақша табамыз? Әділет қайда? Біз көшкен кезде бізге айтқан жоқ. Адам жаңа баспанаға көшкен жағдайда ол оның меншігіне айналуы керек. Бұл мәселе жергілікті деңгейде шешілмей отырғандықтан президентке мәлімдеме жасауға мәжбүр болып отырмыз. Бізді жәй ғана алдап кетті» деді тұрғындар атынан жазылған мәлімдемені оқыған адам.

Әзірге билік тарабы тұрғындардың өтінішіне байланысты түсініктеме берген жоқ.

Azattyq