Үй әперем деп 200 миллионға алдап соққан – Қазақстан жаңалықтары

0

Мыңдаған жұрт бірнеше күннен бері «Гарант 24 Ломбардтан» ақшасын ала алмай жүрсе, Алматыда жарнамаға сеніп, баспаналы болуды армандаған жұрт алданып қалды. Тұрғындар құжаты түгел, лицензиясы заңды компанияның басшылығынан ақшаларын қайтаруды талап еткен. Миллиондарынан қағылғандар саны жетпіске жуықтайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап.

«Үш айдың ішінде баспаналы боласың». Естіген жұртты елең еткізер жарнаманы естіген жүздеген отбасы жылдар бойы баспанаға деп жинаған ақшаларын өздері әкеліп, санап берген. «Құжаттары заңды болғандықтан еш күдіктенбедік», – дейді зардап шеккендер. Бастапқы жарна ретінде 20 пайыз төлеп, ай сайын 45 мың теңгеден төлеп отыруы тиіс болыпты. Бір жылға толғанда көптен күткен баспана беріледі деп сендірген.

«Қалай сенгенде, документінің барлығы бар. Лицензияларын көрсетті, документтерін көрсетті. Цонға тіркелген. «Еgov» арқылы бәрі бар. Ақшаны да қолына алған жоқ. Банкіге счетқа салды, бәрін. Басында 2 миллион салдым. Одан кейін очередіңіз жылжиды алдыға қарай көбірек салсаңыз дегеннен кейін, тағы 2 миллион қосып салып, 4 миллион салдым», – дейді Хадиша Жұманова, Қаскелең қаласының тұрғыны.

«Асар Отау» компаниясы салымшылардың сеніміне кіру үшін бастапқыда 10 пәтер сатып алып берген екен. Бірақ, оның өзі жақындары мен құда-жекжаттары көрінеді. Ал қалғандарына түрлі сылтау айтып, 2017 жылдан бері созып келіпті. Алданғандар бір миллионнан 10 миллион теңгеге дейін санап берген.

«Он адам алыпты. Бірақ, ол 10 адамның ішінде Айжанның інісі 20 миллионға алған. Өздерінің туыстары дейді, құдалары дейді. Енді ол кісі соны сылтауратып бұл алаяқтық емес, 10 үй алып бердім деп отыр. Ал он үй алынған өздерінің туыстары. Кезекке тұра салып, бір айдан екі айдан кейін алып алғандар», – дейді Айнұр Дәуіт, Алматы қаласының тұрғыны

Ақшадан да, баспанадан да қағылғандарын кеш сезген салымшылар бірден полицияға шағым түсірген. Кооперативтің еліміздің өзге өңірлерінде де бөлімшелері ашылыпты. Ал тек Алматы қаласында ғана 64 адам сан соғып қалыпты. Кетірілген шығын көлемі қазірдің өзінде 200 миллион теңгеден асып жығылады.

«Сезікті азаматша бірден полицияға жеткізіліп, түсініктеме берген. Яғни, сұрақ-жауап алу процедуралары кезінде өзінің кінәсін толығымен мойындады. Ақшаны алғанын да мойындап отыр. Оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының, 3- тармағы бойынша саралануда. Яғни, аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша», – деп хабарлады Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

Қазір Тұрғын үй кооперативінің қызметі тоқтатылып, тиісті сараптамалар тағайындалған. Егер сезікті келіншектің қылмысы дәлелденетін болса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал, талай жұртты сан соқтырған күдікті осы ақпан айында ғана босаныпты.
 

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз