«Үй алу үшін міндетті түрде өртену керек пе»: Көпбалалы отбасы ойда жоқта баспаналы болды

0
1297

Қатқан нан мен қара су ішсе де, пәтер жалдап, алты баласын қатарынан қалдырмай тәрбиелеп отырған қызылордалық отбасыға кәсіпкер Нұр-сұлтан қаласынан баспана тарту етті. Бұл туралы Уақыт көрсетеді бағдарламасына сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бағдарлама кейіпкерлері Қызылорда облысында қатты отынмен жылынатын жер үйді жалдап тұрады. Көпбалалы ерлі-зайыптылар журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға жағдайын айтып телефон соққан. Алты баланың анасы жеті жылдан бері өз баспанам болса деп армандаумен келе жатқанын айтады.

«Бір күні әйтеуір өз үйіміз болар деп армандадық. Балаларымыздың өз бөлмесі, өзімнің ас үйім болса екен дейсің ғой. Теледидардан көретініміз – үкімет тек үйі өртенгендерге, күйеуі жоқтарға, әйелі мен күйеуі ажырасқандарға, өңшең осындай отбасыларға көмектеседі, ал дәл біз сияқты тату-тәтті тұратын толық отбасына үй берілмейді. Әкімдікке барсаң, «күйеуің бар ма?» дейді, сіздерге үй берілмейді дейді. Сонда мен үй алу үшін міндетті түрде ажырасуым керек пе? Мен немесе күйеуім қайтыс болу керек, не болмаса мына үй өртену керек екен. Сол кезде ғана үй беріледі. Ондай болмаса түк те жоқ, солай деп талай рет қайтарған кезі болған», – дейді көпбалалы ана. 

Отбасының талғажау ететіні балалардың жәрдемақысы мен отағасының табатын 40 мың теңге айлығы көрінеді. Ерлі-зайыптылар ай сайынғы пәтерақыны тауып беруден шаршағанын жеткізді.

«Ай сайын келеді де тұрады (пәтерақы). Ол ақшаны балаларыма тамақ әпергім келеді. Ет жемегелі қай заман?! Кішкене ақша түссе арасында тауық аласың, фарш аласың. Жоқтан бар жасайсың», – дейді әйел адам.

Тұрмыс тауқыметін тартқан отағасы да дастархан басында қуырылған пиязды жеп отырып, сөз алды. «Біреулер тауық етін жеп риза болмай жүр. Жылқының, сиырдың етін айтпай-ақ қояйын. Біз пәленбай жыл болды, алты баламен пияз қуырып жеп жүрсек те, осыған риза болмай келіншегіммен ұрсысып, үйден қуып жіберген кезім болған емес. Құдайға шүкір, барға қанағат деп отырған адамдармыз. Бұйырғанын жейміз.

Осы күнге дейін біреуден қол жайып ақша сұраған күнім болған жоқ. Қатқан нан мен қара су ішсек те, ешкімнен ештеңе сұрамадық. Бар нәрсені жейміз. Жоқ кезде төземіз. Бір күні біз сияқтыларға да баспаналы болу бұйыратын шығар уақыты келіп.

«Мемлекет байып жатыр, 50 елдің қатарына кіріп жатырмыз», дейді, бірақ біз сияқтыларды ұмытып кетеді (үкімет). Болмашы ақшаға өмір сұріп жатқан адамбыз ғой. Мына бала-шағының тамағы бар, кредит бар. Сондықтан осындай тамақ жеуге тура келеді. Басты мақсатымыз ұрыспай тату-тәтті өмір сүру, үйлі болсақ деп армандап келе жатырмыз», – дейді алты баланың әкесі.

Балалардың ең үлкені төртінші сыныпта оқиды, ал ең кенжесі 4 айлық. Анасының айтуынша, балаларының оқып, білім алуына қатты көңіл бөледі. Тіпті нанға ақша таппаса да, үлгерімі жақсы үлкен қызын ешбір олимпиада, конкурстардан қалдырмай қатыстырып жүргенін айтады.

Бағдарламаның кейіпкері баспаналы болудың жолдарын өз бетінше қарастырып көрген. Алайда айлық табысы болмағандықтан ол ойы жүзеге аспай, орта жолда қалып қойған.

«Екі жыл қатарынан «Бақытты отбасы» бағдарламасына жүгірдім. Ең бірінші барғанымда «сіз көпбалалы отбасыға жатпайсыз» деді. Ол кезде енді бесіншіме аяғым ауыр еді. Босанғаннан кейін келесіз деді. Кейін бардым. ХҚО-ға кезекке тұрдым, бәрін істедім. Келесі жолы барсам, «соңғы алты айдың айлық көрсеткішін алып келіңіз» деді. Өзім үйде жұмыссызбын. Қайдағы айлық? Басым салбырап қайттым. Тағы бір айтайын дегенім, балалар мектепке барғаннан кейін бір-бірінің аузына қарайды. Тиын апарғысы келеді. Ол кезде бірінші сыныпта оқитын балам ыстық тамаққа барғысы келетінін айтты. Мектепке барсам «сіз ондай отбасыға жатпайсыз» деді. 

Мен сонда қандай отбасыға жатамын? Өзім пәтер жалдаймын, көпбалалы анамын, жұмыссызбын. Сонда олар қандай отбасыға көмек береді, мектеп болсын, әкімдік болсын. Бай мемлекетпіз, 50 елдің ішіндеміз дейді, бірақ үй алу үшін міндетті түрде не әйелі, күйеуі не әйелі қайтыс болу керек, толық отбасы болмау керек қой, бір сөзбен айтқанда. Соңғы кезде қаншама бала өртенген үйде қалып өліп кетті. Соны естігеннен кейін дүкенге баруға да қорқып қалдық», – дейді келіншек.

Ерлі-зайыптылар кредитті не үшін алғанын да жасырмады.

«Ауылда жұмысқа тұру үшін, қарапайым еден жуушы болу үшін 500 мың сұрайды. Ол өтірік емес, ол рас, бәрі біледі. Ондай ақшамыз болса біреуге бергенше өзіміз жер алмаймыз ба? Шынын айтсақ, жолдасымды жұмысқа орналастыру үшін алдық. Бірақ кейін дипломы жоқтығынан жұмыстан шығарып жіберді», – дейді көпбалалы ана.

Алты баланың әкесі тапқан табысынан өзіне етік сатып алуға ақша артылмайтынын да атап өтті.

«Қысы-жазы өзіме киім алмасам да, бар тапқанымды осыларға тауып әкеп беремін. Өзімнің жора-жолдасым біледі. Мен тек үйде болатын отырыстарға барамын, кафелерге бармаймын. Бір жағынан киетін аяқ киім де жоқ менде оған. Балалардың қысы келеді, жазы келеді. Өзіме жетпейді. Солар үшін деп өмір сүріп жатырмыз», – дейді ол.

Бағдарлама соңында журналист Нұрсейіт Жылқышыбай көпбалалы отбасына қуанышты хабар айтты. Есімін әзірге жасырын ұстаған кәсіпкер оларға елордадан баспана тарту еткені белгілі болды. Қуаныштың көз жасына ерік берген ерлі-зайыптылар баспаналы болғандарына әлі де сене алмай отыр.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету