UFC-дің саңлағы Стефан Струве Алматыға келді

0

30 жастағы Голландияның спортшысы ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең бойшаңдардың бірі. Оның бойы – 212 сантиметр, салмағы – 120 кило. Спорттың бұл түрімен Стефан Струве 14 жасынан бері айналысуда. Төрткүл дүниенің әр қиырында өткен жарыстарда өзін жақсы қырынан көрсеткен кейіпкеріміз 2009 жылдың ақпан айында UFC-де күш сынасу құрметіне ие болды. Оған дейін ол 16 рет жеңіске жетіп, тек еуі кездесуде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан болатын.

UFC-де кілең «сен тұр, мен атайындар» жиналғаны баршаға мәлім. Сол себепті де айтулы ұйымда өзін мойындату оған оңайға соққан жоқ. Ол бірде ұтса, енді бірде ұтылып жүрді. Десек те өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы, батылдығы мен жанкештілігінің арқасында қысқа ғана уақыт аралығында сан миллион жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді.

2012 жылдың 29 қыркүйегінде Англияның Ноттингем қаласында өткен жарыста UFC-дің жарқын жұлдызы, кейіннен осы ұйымның теңдессізі атанған Стив Миочичті екінші раундта ұрып жыққаны көпшіліктің есінде қалды. Одан бөлек, Стефан Струве әр жылдары Чейз Гормли, Пол Бентелло, Патрик Бэрри, Антониу Родригу Ногейра, Антониу Сильва сынды жұлдыздарды жеңді. Рой Нельсон, Алистар Оверим, Андрей Орловский, Марк Хант, Александр Волков секілді саңлақтарға есе жіберді.

Бұл Қазақстанға менің алғашқы рет келуім. Алған әсерім өте жақсы. Халқы да қонақжай екен. Ал, шындығын айтсам, Алматыға табан тірегенімізге бірнеше күн болғанымен, қаланы әлі дұрыс аралай алған жоқпын. Өйткені, ертең өтетін жарыста менің досым Нил Ван Ноорд өнер көрсетеді. Ол германиялық Александр Поппекпен айқасады. Сол кездесуден кейін жақсы көңіл-күймен шықсақ, Алматыны аралып үлгереміз. Сондай-ақ, Бейбіт Назаров пен Мартин Браун арасында өтетін осы кештің басты жекпе-жегі де қызықты болады деген ойдамын, – дейді  Стефан Струве.

Естеріңізге сала кетейік, Голландия спортшысы ережесіз жекпе-жектен өткен сайыстарда барлығы 39 кездесу өткізіп, 28 мәрте жеңіске жетті. 25 бәсекені ол мерзімінен бұрын аяқтады.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз