UFC-дегі қазақ жігіті: Менің қасыма келіп «бұл қай елдің туы?»,

0

2 желтоқсан еліміз үшін айтулы күндердің бірі. UFC-де Ресейдің намысын қорғаған этникалық қазақ Дамир Исмағұлов MMA бойынша ең мықты қарсыластардың бірі Алекс Горджесті жеңді.

Жекпе-жек кезінде Ресейдің туымен қатар Қазақстанның туын алып шыққан Дамир Исмағұлов Sports.kz сайтына сұхбат берді. Аталмыш сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі қазақ тіліне аудырып оқырман назарына ұсынады.

— Дамир, сізге жекпе-жек ұнады ма? Қалай өтті?

 Барлығы жақсы. Мен көптен күткен кездесуді сәтті аяқтадым. Жеңіс бұйырды. Бұл жеңіске жету үшін талай жыл тер төктім. Қуаныштымын!

— Сіз жекпе-жек алдында ойға алған жоспарыңызды толық орындай алдыңыз ба?

— Жекпе-жектегі  іс-әрекетімнің барлығы менің жоспарымда болды. Мен аздаған соққыны қабылдадым, бірақ қарсыласыма қарымта соққы қайтара алдым.

— Бұл UFC-дегі алғашқы жекпе-жегіңіз екені белгілі. Қобалжыдыңыз ба?

— Мен бір апта бойы қобалжып, мазасыздандым. Тіпті ұйықтай алмадым. Біріншіден мен жаңа ортаға тез бейімделе алмадым. Мен үшін бұл қиынға соқты. Екіншіден, жанкүйерлердің сенімі маған қатты әсер етті. Жан-жақтан қысым болды. Себебі Қазақстан мен Ресейден басқа бірнеше елдерде менің жанкүйерлерім бар. Бүкіл әлемнің назары өзімде екенін білгенде қатты қобалжыдым. Маған әлемдегі  қазақтар жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр. Осындай дүниелер ойымды бөліп жүрді, жекпе-жекке бар назарымды аудара алмадым. Қиынға соқты. Алайда командаммен бірге ойластырған жоспарымыз іске асты.

—  Сіздің жаттығуларыңыздың көбісі Астана қаласында өтіпті?!

—  Иә мен Астанаға барып жаттықтым. Алайда бұл негізгі жаттығулар емес еді. Мен көбінесе Орынбор қаласындағы «Боец» клубында жаттыққан болатынмын.

—  Алғашында сіздің қарсыласыңыз Конор МакГрегорды жеңген ирландиялық Джозеф Даффи болған еді. Алайда бұл жекпе-жек ұйымдастырылмады. Бұл сізге кері әсерін тигізбеді ме?

—  Жоқ. Менің үш рет қарсыласым ауысты. Мен әрқайсысымен жекпе-жек өткізуге дайын едім. Алайда олар бас тартты.

—  Сіз бір сөзіңізде қазақтардың қандай екенін әлемге танытқым келеді дегенсіз. Сіздің жекпе-жектеріңіз арқылы әлем қазақтар туралы не біле алады?

— Негізі, бүгінгі жекпе-жектен кейін менің қасыма келіп «бұл қай елдің туы?», — деп сұрағандар көп болды. Бүгін көптеген шетелдік осы сұрақтың жауабын білді.

—  Сіз үшін уайымдап, қолдау білдірген қазақстандықтарға айтарыңыз бар ма?

—  Мен осыған дейін бірнеше рет айтқанмын. Қазақстандықтарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтудан жалықпаймын. Бұл соңғы жекпе-жек емес. Алда талай сәтті кездесулер күтіп тұрғанына сенемін. Біз әлі Америкамен қатар әлемді мойындатамыз. Бүгінгі жекпе-жектің тарихта қалғаны үшін қуаныштымын.

Еске салсақ, Дамир Исмағұлов (16-2) жеңіліп көрмеген аустралиялық Алекс Джорджеспен (7-0) сынға түсті. Жекпе-жек барлығы 3 раундқа созылды. Төрешілердің шешімімен Дамир жеңіске жетті.

«Қамшы» сілтейді