Удай қымбат баға қазақстандықтарды шетелден баспана сатып алуға итермелеп жатыр

0

Удай баға қазақстандықтарды шетелден баспана сатып алуға итермелеп жатыр. Себебі біздегі бағадан шетелдікі әлдеқайда тартымды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Ұлттық статистика бюросы, бір жылда үй бағасы 20 пайызға қымбаттағанын анықтады. Ал, жаңадан салынған пәтер құны 8 пайызға өскен. Экономисттер бұған, халықтың жаппай зейнетақы жинағаның бір бөлігін алуға ниеттеніп жатқаны себеп дейді. Депутаттардың да пікірі осыған саяды. Соңғы кездері Мәжілістің әр жиынында, тұрғын үйге қатысты сауалдар жиі көтеріліп жүр. Бүгін Жамбыл Ахметбеков әлеуметтік бағдарламалардың осалдығын сынға алды. Тіпті бағадағы серпіліске құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отырғанын жеткізді.

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Құрылыс материалдары құнының өсуі тұрғын үйдің бағасының қымбаттауына әкеп соқты, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын мектептер, ауруханалар мен басқа да объектілер құрылысына шығындардың өсуіне әкеледі. Бағаның шектен тыс көтерілуін тежейтін нақты механизмдер қажет.

Қызылжарлық Дарья Пешкова баспанаға қаражат жинап жүрген жандардың бірі. Он жылдан астам уақыт жұмыс істесе де, бастапқы жарнаны да жинай алмаған. Әкімдікте арзымаған жалақыға күнелткен ол, қазір үш жерде жұмыс істейді. Алайда, оның өзі шаһардан баспана алуға жетпейді-деп отыр. Талайдан қаржы жинаған қызылжарлық тұрғын арманым бірте-бірте құм болама деп қауіптенеді.

Дарья ПЕШКОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздегі пәтерлер алтыннан жасалады-ау шамасы немесе сәнді ешбір жерде жоқ материалдар қолданылады ма? Әйтеуір тым қымбат. Мәселен бір бөлмелі үйдің өзі шамамен 10 миллионан асады. Оның өзі біздегі күн көріс деңгейін ескерсек, тым қымбат. Үй аламыз деп жүргелі қай заман, әлі тағы қанша жыл ақша жинайтынымыз құдайға ғана аян.

Бағаның бағынбай бара жатқанын риэлторлар да мойындайды. Олар қазір шарасыздықтан шақшадай басы шарадай болғандар, шекара асып кетіп жатқанын айтты. Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті шетелден сатып алуға көшкен. Өйткені онда жоғары санаттағы үйлердің бағасы қолжетімді дейді. Тіпті бізде лашыққа жетер қаражатқа зәулім пәтер алуға болатын мүмкіндік те бар екен.

Лариса СТЕПАНЕНКО, ҚАЗАҚСТАН РИЭЛТЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәселен 25 мың долларға бізде аса бір дұрыс үй алу қисынсыз. Лайықты үй жоқ ол бағаға. Ал осы сомаға Батумиден жағалау бойынан қалаған үйіңді алуға болады. Соңғы уақытта осындай сұраныстар артып келеді.

Иә, отандастарымыз тарапынан көбіне Кипр мен Түркиядағы пәтерлерге сұраныс артқан. Тіпті ол жақтан баспаналы болуға көмектесетін, бізде арнайы компаниялар да бар көрінеді. Елден елеу көрмегендер амалсыздан осындай қадамға баруға мәжбүр.