ҰБТ толығымен электрондық форматқа көшеді
Қазақстанда ҰБТ толығымен электрондық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Премьер-министр білім саласындағы өзгерістерге де тоқталды.
«400 балабақша ашылып, 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 99 пайызға жетеді. «Мектеп құрылысының жаңа үлгісі» арқылы 180 мектеп салынады. ҰБТ толық электрон форматқа көшіріледі. Отандық ғылымды жүйелі дамыту аясында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа қаражат салуын орталықтандыру көзделген. 500 ғалымды әлемдік жетекші ғылыми орталықтарға тағылымдамаға жіберу ұйымдастырылады. Жас ғалымдарға 1000 грант бөлінеді. Өңірлердегі жоғары оқу орындарының сапасын арттыру үшін 20 академиялық басымдық орталығын құру бойынша жоба іске асырыла бастайды», — деді ол.
Сонымен қатар, отырыс барысында премьер-министр Асқар Мамин алдағы стратегиялық мақсаттарды ескере отырып, үкімет 2021 жылға негізгі жеті бағытты анықтағанын атап өтті: өзіне жеткілікті экономиканы арттыру, сапалы инвестицияларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту, сапалы цифрландыру, тұрғындарды табыс және жұмыспен қамту, бәсекеге қабілетті адами капитал.
Премьер-министр Шымкент — Түркістан бағыты бойынша пойыз жоғары жылдамдықпен жаңа теміржол салынатынын айтты. Оның ұзындығы 260 шақырым. Пойыз 1 сағат 48 минутта 250 км/сағат жылдамдықпен жүреді. Теміржол құрылысының құны — 307,5 миллиард теңге. 2021-2024 жылдар аралығында салынады.