ҰБТ-ға 117 мыңнан астам адам қатысады

0

Қазақстанда биылғы Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыруға 117 мыңнан астам адам қатысады. Бұл туралы сейсенбі күні Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысында Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады. Ол бұл қызметке өткен аптада тағайындалған.

«ҰБТ-ға барлығы 117 242 адам қатысады, оның 96 мыңнан астамы биыл мектеп бітірген түлектер» деді министр.

Оның айтуынша, ҰБТ-ға биыл жалпы білім беретін мектепті тәмамдаған оқушылардың 72 пайызы, сонымен бірге колледж түлектері мен мектепті бұған дейін бітіргендер де қатысады.

Аймағамбетов биылғы ҰБТ сұрақтарының 30 пайызға жуығы жаңартылғанын, тест материалдары құпия жағдайда аймақтарға жеткізілгенін айтты. Министрдің сөзінше, ҰБТ өтетін аудиториялардың барлығына мобильдік байланысқа қарсы құрылғылар және бақылау камералары орнатылған.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, ҰБТ-ға қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанда биыл ҰБТ маусымның 20-сы мен 30-ы аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша жоғары білім деңгейін көрсеткендерге елдегі жоғары оқу орындарында тегін білім алуына мемлекеттік грант беріледі.

Бұған дейін білім және ғылым министрлігі биылдан бастап Қазақстанда ҰБТ төрт рет – қаңтар, наурыз, маусым және тамызда өтеді деп хабарлаған. Былтыр балалары білім грантына ілінбей қалған кей ата-аналар наразылық білдірген.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз