ҰБТ-дан 139 балл алған екі түлектің нәтижесі жойылды

0
110

Биыл оқу жылында ұлттық бірыңғай тестілеуді 154 мың талапкер екі мүмкіндікті қатар есептегенде 276 мың рет тест тапсырды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz порталы. 

«Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 67%-ын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7%-ға жоғары болды. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы (33%-ы) шекті балл жинай алмады. ҰБТ орташа балы 66 балды құрады.

Биыл ең жоғары балл 139 болды. Жоғары балды Қазақстан бойынша 3 талапкер жинады. Бірақ өкінішке қарай, екі талапкердің 139 балға академиялық адалдықты сақтамай, ереже бұзу арқылы қол жеткізгені анықталып, екеуінің де нәтижесі жойылды. Қазір үшінші талапкердің нәтижесі тексеріліп жатыр», — деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Белгілі болғандай, 3179 оқушы 120 балдан жоғары жинаған. Биыл ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды кіргізу және ҰБТ ережелерін бұзу бойынша 327 жағдай тіркелген.